"Самұрық-Қазына" қоры 2 млрд теңге үнемдеді

0
746

​Жыл соңына дейін қор құрамындағы компаниялар жұмысшылардың жалақысын көтереді.


ERNUR.KZ. "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры бірқатар кадрлық реформа жүргізу нәтижесінде 2 млрд теңгеден аса қаражатты үнемдеді. Бұл туралы қордың басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, деп жазады inbusiness.kz.

Оның айтуынша, "Самұрық-Қазына" жыл басынан бері Нұр-Сұлтандағы корпоративті орталық қызметкерлері санын 2 есе қысқартқан. "Яғни 248-ден 124 адамға дейін. Компания тобында 106 кеңесші жұмыстан босатылды, "кеңесшілер" институты ұйымдық құрылымнан толығымен жойылды. Қордың барлық шетелдегі өкілдігі: Лондон, Бейжің, Абу-Даби және Мәскеуде жабылды. "Самұрық-Қазына" тобындағы 6 компания: оның ішінде "ҚазМұнайГаз" АҚ мен QazaqGaz компаниясының басшылығы өзгерді. Персоналды оңтайландыру "Самұрық-Қазына" корпоративтік орталығына 2 млрд теңгеден аса қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді", - деді Алмасадам Сәтқалиев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Ол қор қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және Қаржы мониторингі агенттігімен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылғанын атап өтті.

"2022 жылы қор жалақысы аз мамандықтарға назар аудара отырып, жұмысшылардың жалақысын көтерді. Топтың барлық компаниясындағы (239 мың жұмысшы мен инженерлік қызметкерлер) өндірістік персоналдың жалақысы 5%-дан 48%-ға дейін өсті. Жыл соңына дейін тағы 4 компания жұмысшылардың жалақысын қосымша көтермек", - деді "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы.