«Самұрық-Қазына» қорын түбегейлі қайта құру жүріп жатыр –Президент

0
504

​Бұдан былай барлық жобалар ашық әрі конкурс негізінде халықаралық компаниялардың қатысуымен жүзеге асырылатын болады.


«Самұрық-Қазына» қорын түбегейлі қайта құру жүріп жатыр –Президент

ERNUR.KZ. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің кезектен тыс отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

Қазақстан Президенті бәсекелестікті дамыту, сыбайлас жемқорлықты жою, тиімді мемлекеттік басқаруды құру және сапалы адами капитал қалыптастыру көздеген мақсатқа жеткізетін жол деп атап өтті. Осыған орай Мемлекет басшысы бірқатар өзекті міндетке назар аударды.

Атап айтқанда, Президент әділ әрі бейтарап сот жүйесі ғана қуатты экономика мен лайықты бизнес-климат құрудың негізі екеніне тоқталды. Инвесторлардың заңды мүдделері мен құқықтарын қорғаудың басты кепілі дәл осы болуға тиіс. Мемлекет басшысы инвестициялық дауларды шешу бойынша Астана халықаралық қаржы орталығы мен Халықаралық арбитраж орталығының әлеуетін толық пайдалануға шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаев адал бәсекелестікті дамыту ісін жаңа бағыттың тағы бір маңызды басымдығы деп санайды.

«Экономиканың негізгі салаларындағы олигополиялардың тарихи үстемдігі нарықтар мен салалардың дамуын тежейді. Бұл жағдайды заңнамалық және практикалық тұрғыдан батыл өзгертетін боламыз. Биыл қол қойылған бәсекелестікті дамыту мәселесі жөніндегі заңда маңызды бастамалар қарастырылған. Бұл – нарық субъектілерінің шектеулі ресустарға қолжетімділігі, нарыққа кіру кедергілерін төмендету және аралас нарықтарға монополияның кері әсерін жою.

«Самұрық-Қазына» қорын түбегейлі қайта құру жұмыстары жүріп жатыр. Әкімшілік ресурстардың есебінен тапсырыс алған компаниялар өздерінің артықшылықтары мен келісім-шарттарынан айрылуда. Қордың инвестициялық жобаларының топтамасы – шамамен 3,5 триллион теңге. Бұдан былай барлық жобалар ашық әрі конкурс негізінде халықаралық компаниялардың қатысуымен жүзеге асырылатын болады. Егер, олай болмай жатса, бірден маған тікелей хабарлаңыздар. Өйткені бұл – менің президенттік қызметімдегі аса маңызды іс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиынға Президент Әкімшілігінің басшылығы, Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері, ірі трансұлттық және ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысты.

Кездесуге қатысушылар адами капиталды күшейтуге, экономика мен инвестициялық саясатқа экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқарудың стандарттарын енгізуге баса мән бере отырып, еліміздің инвестициялық тартымдылығын жақсарту жөнінде бірқатар ұсыныс айтты.