"Саусақтары күйіп, денесі құрысып қалды": Талдықорғанда Kaspi терминалын ұстаған баланы тоқ соқты (видео)

0
115

Оқыс жағдай Талдықорғандағы Seven дүкенінде болған.


ото: Баланың анасы Назым Адилова жіберген

ERNUR.KZ. Желіде Талдықорғандағы дүкендердің бірінде баланы Kaspi терминалынан тоқ соққан видеосы қызу талқыланып жатыр. Видеоны зардап шеккен баланың анасы жіберген. Әйел осы видео арқылы тұрғындарды сақ болуға шақырады, деп жазады stan.kz.

Оқыс жағдай Талдықорғандағы Seven дүкенінде болған. Видеодан баланың дүкен кіреберісіндегі есікті ұстап болғаннан кейін оң қолын Kaspi терминалына бағыттағанын көруге болады. Сөйтіп бала терминалды ұстаған сәтте оны тоқ ұрған. Қуанышқа қарай, тоқ соққан баланы әйелдің құтқарып қалғаны байқалады.

Ал зардап шеккен баланың анасы Назым Адилова ашық жерде тоқ сымдарының жатпағанын атап өтті.

“Кеше менің ұлымды Kaspi терминалы тоқ ұрды. Сол жерден ашық жерде тұратындай сымдар болмаған, бәрі сырттан қарағанда қалыпты көрінген. Баламның жүрегіне ультрадыбыстық зерттеу мен электрокардиограммаж жасалды. Ұлым өте ауыр жарақат пен қатты қорқыныш сезімін бастан өткерді. Ана ретінде мұндай жағдайды ешкімнің басына бермесін деймін! Жаным ауырып тұр, бұл сұмдық. Қазір балам қатты қорқып қалған, жылай береді. Саусақтарында күйік бар, ауырсыну бар. Оны тоқ ұрғаннан кейін денесі тырысып, құрысып қалды. Балам қатты шошып, үлкен психологиялық соққы алды", – деді баланың анасы Назым Адилова.

Назым Адилованың ұлының небәрі 7 жаста, 1-сыныпта оқитынын айтты. Анасы дәл диагноз барлық анализдер мен тексерулерден кейін ғана белгілі болатынын ескертті.

"Қазір дәрігерлер толық тексеріп жатыр. Жағдайы әзірге тұрақты, бірақ осы жұмаға дейін ауруханада боламыз. Сол кезде баламның денсаулығы туралы нақты ақпарат беремін. Абай болыңыздар, сақтықта қорлық жоқ!" – деді Назым Адилова.

Анасы жіберген фотода баланың терминалдың қай тұсын ұстап алғанын белгілер көрсетеді.

Желі қолданушыларының бірі өзін дәл осы дүкенде тоқ соға жаздағанын айтып еске алды.

"Kaspi терминалы арқылы шотқа ақша салмақ болдым. Бірақ терминал тоқ ұрып тұрды, сондықтан ақша салмай кетіп қалдым. Дүкендегі кассирге осы жағдайды айтқанда ол "Аа, ешнәрсе етпейді ғой" деп жауап берді", – деп ашуланды оқырман.

Келесі оқырман бұл оқиғаға Kaspi емес, сол терминал тұрған дүкен кінәлі болуы мүмкін екенін айтады. Оқырманның сөзінше, дүкендерді салу кезінде көп қателіктер жіберіледі. Сонымен қатар оны да бір күні дүкендегі тоңазытқыштан тоқ ұрған екен.

"Kaspi сол баланың емі мен оңалту шараларын және банкоматты салғырт орнатқаны үшін айыппұл төлеуі керек деп ойлаймын", "Мұндай жағдайлар дүкендер мен ғимараттарды салу, жөндеу кезінде жерге қосу (заземление) талаптарының ескерілмегенінен болады. Техникалық қауіпсіздікке ақша үнемдейді. Мұндай жерде тоңазытқыш та тоқ ұруы мүмкін. Объектіні пайдалануға берерде қабырға бұрыштарының түзу екеніне қарап, соларды ғана тексеріп, басқа ештеңеге мән бермейді қазіргі "мамансымақтар", – деді жазды желі қолданушылары.

Талдықорғандағы денсаулық сақтау басқармасы қазір балаға қаладағы ауруханалардың бірінде көмек беріліп жатқанын растады.

"Қазір бала облыстық көпсалалы балалар ауруханасында ем қабылдап жатыр. Жағдайы тұрақты. Басқа ақпараттар ата-анасының рұқсатынсыз айтылмайды", – деп жауап берді денсаулық басқармасының өкілі.

Бұдан бөлек Жетісу облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Кәмелетке толмаған баланың жарақат алуына алып келген, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету фактісі бойынша полиция тарапынан қылмыстық іс қозғалды. Тергеу аясында қауіпсіздік нормаларының және құрылғыны орнату ережелерінің сақталуы тексерілуде. Кінәлі адамдар анықталған жағдайда, олар заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады. Тергеу заң талаптарына қатаң сәйкес жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді. Іс бойынша тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында”, – деп жауап берді полиция департаменті.