Ол биылдан бастап мемлекеттік гранттан бөлек басқа да қосымша 3 құрал іске қосылатынын айтты.
ERNUR.KZ. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баланы оқытудың альтернативті құралдарын түсіндірді, деп жазады baq.kz.
Біз грант санын жыл сайын 10 пайызға көбейтеміз. Бірақ бұл өсім халықтың өсуінің артынан ілесе алмайды. Биыл университет түлектерінің саны 10 мыңға көбірек болды. Ал грант саны сондай көп емес. Біз грант санын көбейтеміз, бірақ халық санының өсуіне бәрібір жете алмаймыз. Сондықтан альтернативті құралдарды іске қосуымыз керек, - деді ол.
Ол биылдан бастап мемлекеттік гранттан бөлек басқа да қосымша 3 құрал іске қосылатынын айтты.
Біріншісі, биылғы ақпаннан жұмыс істеп тұрған “Ұлттық қор – балаларға” жобасы. Көп ата-аналар білмеуі мүмкін, бірақ әрбір балаға автоматты түрде шот ашылған. Биылдан басталған екінші құрал – дифференциацияланған гранттар. Биылдан пилоттық 300 грант жібердік. Ұпайыңыз жетпеуі мүмкін, бірақ шекті ұпайдан жоғары болғандықтан, мемлекет оқудың 50 немесе 75 пайызын төлеп береді. Үшінші құрал – “Келешек” жинақтаушы жүйесі, - деді министр.
Саясат Нұрбек "Келешектің" мақсаты ерікті түрде үнемдеу мәдениетін қалыптастыру екенін айтты.
Өкінішке қарай, біздегі үлкен мәселе ақша жинамаймыз. Көп жұмсаймыз, несиеге өмір сүреміз. Бір күнімізді ғана ойлаймыз. Бұл дұрыс емес, - деді ол.