Семейде 7 жасар бала жоғалып кетті: ауқымды іздеу жұмысы жүріп жатыр

0
178

21 маусымда 7 жасар Аманғали Бекболат үйінен шығып, қайтып оралмаған.


Семейде 7 жасар бала жоғалып кетті: ауқымды іздеу жұмысы жүріп жатыр
Фото: Абай облысы ПД

ERNUR.KZ. Абай облысы Полиция департаментінің мәліметінше, 2025 жылғы 21 маусым күні сағат шамамен 18:15-те Семей қаласындағы Турист көшесі, 92 мекенжайында тұратын Аманғали Бекболат есімді 7 жасар бала үйінен шығып кеткеннен кейін із-түссіз жоғалып кеткен, деп жазады Azattyq Rýhy.

Осы дерек бойынша «102» жедел арнасына хабарлама келіп түскен. Қазіргі уақытта баланың қайда екені белгісіз.

Бала туралы мәлімет:

  • Туған жылы: 2018;
  • Бойы: шамамен 130 см;
  • Киімі: көк футболка, сұр түсті шалбар және сұр сандал;
  • Денсаулығы: балада даму ерекшелігі бар (аутизм).

Іздеу жұмысы шұғыл түрде басталды

Баланы табу мақсатында ауқымды іздеу операциясы ұйымдастырылды. Оған мынадай мамандар жұмылдырылды:

  • Полиция қызметкерлері;
  • Кинологтар;
  • Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері.

Сонымен қатар, үйлерді аралап тексеру, жақын маңдағы аумақты сүзіп шығу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Іздеу аумағын кеңейту үшін жылу датчигі (тепловизор) орнатылған дрон пайдаланылуда.

Халыққа үндеу

Абай облысының Полиция департаменті барша тұрғындарға үндеу жолдады:

«Егер жоғалған бала жайлы қандай да бір ақпаратыңыз болса немесе көрген болсаңыз, 102 нөміріне шұғыл түрде хабар беріңіз».

Құқық қорғау органдары баланың туыстары, жергілікті тұрғындар және еріктілермен тығыз байланыста жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.