Шала туған балаларға бамбук талшықтарынан жасалған киімдер шығарылады

0
1 151

Көрші елде тігілген осындай киім 30 мың тұрады. Ал елімізде шығарылған өнім екі есе арзан және сапасы жағынан ешқандай кем түспейді.


Шала туған балаларға бамбук талшықтарынан жасалған киімдер шығарылады

ERNUR.KZ. Ертіс өңірінде шала туған балаларға арналған бамбук талшықтарынан жасалған киімдер шығарылады, деп жазады 24.kz.

Сұраныстың жоғары болғаны соншалық, үш айдың ішінде 1500 данаға тапсырыс түскен. Тағы бір еңбекқор жан ағаштан жасалатын ойыншықтар өндірісін қолға алды. Бұл - «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша қолдау тапқан жобалар.

Бүгінде бағдарлама аясында грант аламын деушілердің қатары екі есе артқан. Қазіргі уақытта жауапты органдарға 160-тан астам өтініш түскен.

26 жастағы Валерия Наркизова – мемлекеттік грант иегері. 3 млн теңгеге тігін машиналарын сатып алып, жеке ісін дөңгелетті. Сәбилер үшін 20-дан астам киім түрін тігеді. Ал шала туған нәрестелер үшін арнайы киімдер үлгілелерін шығарған. Артықшылығы сол, шақалақтардың денсаулығына зиян келтірмес үшін бамбук талшықтары негізіндегі өнімді қолданады.

" Жеке тапсырыс бойынша тігеміз. Әрине, нарықтағы бәсеке күшті. Бірақ біз қорықпаймыз. Дегенмен отандық өнім шығарғымыз келеді. Мәселен, көрші елде тігілген осындай киім 30 мың тұрады. Ал біз шығарған өнім екі есе арзан. Сапасы артық болмаса, кем емес. Нәрестелердің киімі негізінде экологиялық таза тенсулейт шикізатын қолданамыз. Осы тектес киімді өзге өңірлерден таба алмаймыз" - дейді кәсіпкер Валерия Наркизова.

Үш айдың ішінде ісмерлердің қолынан осындай 1500 киім шыққан. Екі баланың анасы енді көрші облыстарға өнім тасымалдауға ниетті.

Ал Асқар Нұртаев металлургиялық өндірістегі 17 жылдық тәжірибесін артқа тастап, ұсталықты таңдаған. Енді сүйікті ісі бизнеске айналды.

"Бала кездегі арманым мемлекет қолдауының арқасында орындалды. 3 млн теңгенің грантына бірнеше станок сатып алып, жұмыс орындарын ашқан. Ісім өрге басып жатыр. Дегенмен жалға алынатын ғимарат тым қымбат. 100 мың теңге төлейміз. Оған қоса осы айдың соңына дейін босату керек. Бұл бизнесіме қолбайлау болуы мүмкін" - дейді кәсіпкер Асқар Нұртаев.

220 шаршы метрлік ұстаханада балалар ойыншықтары, жиһаздің жүздеген түрі өндіріледі. Тапсырыс болса болғаны. Оған қоса, бұл – қалдықсыз өндіріс. Ағаш қалдықтарынан осындай брикеттер де шығарылады.

"Шағын ісіміз отбасылық бизнеске айналды. Жолдасымды қолдап, жұмысымнан шығып кеттім. Балаларымызды еңбекке баулып, сапалы, таза ойыншықтар жасаймыз" - дейді Динара Алипова, А.Нұртаевтың жұбайы.

Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде қайтарымсыз грант алуда бәсекелестік мықты. Мамандардың айтуынша, бизнес жобалардың барлығы ішкі нарыққа аса қажет әрі болашағы зор.

"Мемлекеттік қолдаудың бұл түріне сұраныс жоғары. Былтырғы жылға қарағанда өтініштер екі есе көп. Байқау барысында жас бизнесмендерге басымдық беріліп, қатаң іріктеуден өтеді. Жыл сайын қайтарымсыз гранттарға 40 млн теңге қарастырылатын. Ал биыл қосымша 43 млн теңге бөлінген" - дейді облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының бөлім басшысы Ризабек Теміров.

Биыл «Бизнестің жол картасы» бойынша 2 млрд теңге бөлінген. Қолдаудың арқасында облыстағы жас кәсіпкерлердің қатары екі мыңға жеткен.