Шамалғандағы апат: апалы-сіңлілі қыздар комадан шықты

0
1 014

Жол көлік оқиғасынан 1 адам мерт болып, 9 адам жарақаттанған болатын.


Шамалғандағы апат: апалы-сіңлілі қыздар комадан шықты

иллюстрациялық фото: ашықдереккөзден

ERNUR.KZ. Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасы Шамалғандағы пойыз бен автобус соғысқан жол апатында зардап шеккен балалардың денсаулығы жайлы айтып берді, деп жазады baq.kz.

«Олар комадан шықты, қазір №2 қалалық балалар емханасында оңалту кезеңінен өтіп жатыр. Бастапқыда үлкені кейін кішісі комадан шықты. Олардың өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ», - деді денсаулық басқармасындағылар.

Бұған дейін үш және бес жастағы екі баланың жедел медициналық көмек көрсету орталығына жатқызылғаны хабарланған. Сондай-ақ, жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен олардың анасы да реанимация бөлімінен қарқынды терапияның жарақат бөліміне ауыстырылған.

Естеріңізге сала кетейік, 15 қыркүйекте Алматы облысы Шамалған станциясында «Алматы-Қостанай» бағытындағы жолаушылар пойызы мен «Алматы - Шамалған» бағытындағы автобус соқтығысты. Апат түсірілген видео да жарияланды. Бейнежазбадан шлагбаум алдында көліктер ұзын-сонар кезекте тұрғанын көруге болады. Осы сәтте жолаушылар пойызы келіп автобусты қағады.

ҚТЖ басшысының кеңесшісі Руслан Иманқұловтың мәліметіне сәйкес, автобус жүргізушісі сигналды елеместен пойыз жүретін жолға шығып кеткен.

Жол көлік оқиғасынан 1 адам мерт болып, 9 адам жарақаттанған. Қаза болған – автобус жүргізушісі.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қайтыс болған автобус жүргізушісінің туыстарына көңіл айтты.

Ал Ішкі істер министрлігі 3 жолаушының аудандық ауруханаға жатқызылғанын хабарлады.

Одан кейін қайтыс болған жігіт 1979 жылғы екені белгілі болды. 2014 және 2016 жылғы балалар мен 33 жастағы әйелдің Қарасай аудандық емханасының жансақтау бөлімінде ауыр халде жатқаны да анықталды.