Моңғолиядан жеткізілген шетел автокөліктерін тіркеу кезінде жалған құжаттар пайдаланылғаны анықталды.
Моңғолиядан жеткізілген шетел автокөліктерін тіркеу кезінде жалған құжаттар пайдаланылғаны анықталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ. ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасы кедендік заңнамасының талаптарына сәйкес, шет мемлекеттерден (Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін) әкелінген автомобильдерді шектеусіз қолдану үшін оларды кедендік декларациялау қажет, сондай-ақ тиісті кедендік баждарды, салықтарды төлеу міндетті. Басқа жағдайларда осындай көліктерді шектеусіз қолдануға жол берілмейді.
Осы талаптарға қарамастан, бүгінгі күні еркін саудада Моңғол Халық Республикасынан кедендік заңнама нормаларын бұза отырып әкелінген автомобильдер бар. Заң бұзушылар ішкі істер органдарында тіркеу есебіне қою үшін жалған кедендік құжаттарын пайдаланған.
Заңсыз айлалар Ресей Федерациясы және Қазақстан Республикасы кеден қызметтерінің ақпараттық жүйелерінің деректер қорын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінде есепке алу туралы деректерімен салыстыру нәтижесінде анықталды.
Негізінен 2001 – 2010 жылдары шыққан Оңтүстік Корея өндірісінің автомобильдері (Хундай, Киа) әкелінген.
«Қазіргі кезде кедендік баждарды, салықтарды төлеуді қамтамасыз ету үшін мемлекеттік кірістер органдарымен контрабандалық автомобильдерді кідірту бойынша шаралар қабылдануда. Осыған байланысты, азаматтарды жүрілген көліктерді сатып алу кезінде сақ болып, автомобильдің кедендік тазартудың дұрыстығын аумақтық мемлекеттік кірістер органдарына жүгіну жолымен тексеруге шақырамыз» делінген хабарламада.