ШҚО-да есірткіні «жасырып кетушіден» марихуананың ірі партиясы тәркіленді

0
730

Ұсталған адамның үйін тінту кезінде гаражда пластикалық контейнер, сатуға дайын тұрған белгілі бір иісі бар қоңыр-жасыл түсті өсімдік салынған екі полимерлі пакет табылды.


ШҚО-да есірткіні «жасырып кетушіден» марихуананың ірі партиясы тәркіленді

ERNUR.KZ. Өскемен қаласының полиция қызметкерлері есірткіні «жасырып кетушіні» ұстады, деп жазады ҚазАқпарат.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 42 жастағы өскемендікті ұстады. Есірткі таратумен айналысқан ол уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Ұсталған адамның үйін тінту кезінде гаражда пластикалық контейнер, сатуға дайын тұрған белгілі бір иісі бар қоңыр-жасыл түсті өсімдік салынған екі полимерлі пакет табылды.

«Сараптама қорытындысына сәйкес, табылған заттар жалпы салмағы 1 келі болатын кептірілген марихуана екенін көрсетті. Сондай-ақ оның көлігін тінту кезінде тағы марихуана салынған 4 полимерлік түйіншек тәркіленді. Ер адамның оны одан әрі сату мақсатында сақтағаны белгілі болды», - деді есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Нариман Күлдіков.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабы 2-бөлігіне сәйкес (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.