Шығыс Қазақстан облысында туризм саласында бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану фактілері тіркеліп отыр.
ERNUR.KZ. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ШҚО бойынша департаментінің басшысы Денис Шакенов мәлім етті, деп жазады kaz.inform.kz.
“Өңірде туризм саласын субсидиялау саласына сыртқы талдау аяқталды. Тексеріс барысында 2022 жылдың қаңтарына дейін пайдалануға берілген нысандар бойынша шығындарды негізсіз өтеу фактілері анықталды. Кәсіпкерлер бірнеше жыл бұрын салынып қойған туристік нысандарға субсидия алған. Бұл мұндай төлемдердің дұрыстығына үлкен күмән тудырады”, - дейді ол.
Субсидия алу үшін ұсынылған деректердің дұрыстығын тексеру тәртібінде де олқылықтар анықталған.
“Соның салдарынан бюджет қаражатын негізсіз жұмсау тәуекелдері туындап, мемлекеттік қолдаудың тиімділігі төмендейді”, - дейді Денис Шакенов.
Құқық бұзушылықтарды жою және лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарау үшін материалдар уәкілетті органдарға жолданды.