Сириядан оралғандардың алғашқы легі бостандыққа шыға бастады

0
671

2019 жылдан бері «Жусан» операциясы бойынша 607 адам елге оралды.


Сириядан оралғандардың алғашқы легі бостандыққа шыға бастады

ERNUR.KZ. Сирия сергелдеңін көргендердің алдыңғы легі бостандыққа шыға бастады. Петропавл әйелдер колониясында жазасын өтеген екі адам үйіне оралды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

ӘЙЕЛДЕР ҚАРУ ҰСТАУ ДАҒДЫСЫН МЕҢГЕРГЕН

6 кезеңмен ұйымдастырылған «Жусан» операциясы барысында елге Сирия мен Ирактан 157 әйел қайтарылған еді. Оның 18-і қолдарына қару алып, террорлық ұйымға мүше болғаны үшін сотталған. Жазасын өтеушілердің қатарында үй шаруасындағы әйелдерден бастап, қаржыгер, психолог сынды мамандар бар. Түрлі тағдырлардың түрмеде тоғысуына себеп болған дүние – соқыр сенім.

Алматылық Жазира Асанованың балаларын көрмегеніне екі жылдан асты. Түрмеге түскелі ұл-қыздарымен телефон және анда-санда бейнебайланыс арқылы сөйлесіп тұрады. Ол перзенттерімен қауышатын күнді аңсайды. 8 жыл мерзімнің әлі алтауы бар. Жазасын өтеуші – О.Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебінің түлегі. Жоғары оқу орнына түскенімен, аяқтамаған. Тұрмыс құрып, күйеуімен бірге Египетке барған, одан кейін Сирия асқан. Шам елінде өзі сынды қыз-келіншектермен бірге өзін-өзі қорғау және қару ұстау дағдыларын меңгерген. Қазір сол күндері есіне түссе бармағын тістейді. Алайда уақытты кері қайтару мүмкін емес.

«Сирияға барып көп нәрсені жоғалттым. Біріншіден, адастық. Шынайы діннің қандай болатынын білмей қалдық. Екіншіден күйеуімді жоғалттым. Ол мен үшін орны толмас қаза. Сол жақта ең жақын құрбым қайтыс болды. Шам еліне бірге барған едік. Екі баласы жетім қалды. Бастапқыда перзенттері менің жанымда болды. Кішкентайы сырқаттанып, ол да дүние салды. Тұңғышы бізбен бірге Қазақстанға оралды. Сирияда көптеген елдердің өкілдері болды. Барлығы интернет арқылы таныстықпен барған. Өз Отанына қайта алмағандар ендігі бұл дүниеде жоқ шығар деп ойлаймын. Күн сайын қаншама адам өмірмен қош айтысып жатты. Елге оралғаныма қуаныштымын. Түрмеде отырсам да балаларыма қауіп төніп тұрмағанын сезінудің өзі бақыт», - дейді жазасын өтеуші Жазира Асанова.

Түзету мекемесінде еңбек арқылы оңалту жақсы жолға қойылған. Жазасын өтеушілер түрлі тігін цехтары мен жылыжайларда жұмыс істейді. Жазира Асанова – жұмсақ ойыншықтар жасайды. Бостандыққа шыққан соң осы ісін жалғастырғысы келеді.

Аяғын шалыс басқандардың тағы бірі – Жансая Таңатарова. Радикалдардың ықпалымен зорлық-зомбылық акциясын ұйымдастыруды жоспарлаған. Террорлық ұйым өкілдерімен байланыс орнатып, Шам еліне кетіп бара жатқан кезінде шекарада ұсталған. 2017 жылы Сирияға жетпестен, түрмеге түскеніне қуанады. Тар қапаста әлі 6 жыл отырады. Жазасын өтеп шыққан соң жоғары білім алғысы келеді.

«Осының барлығы білместіктің кесірінен болды. Менің басымнан өткен жағдайға ешкім душар болмаса екен деп ойлаймын. Теолог болғым келеді. Жоғары оқу орнына түсуге дайындалып жүрмін. Мұнда бос уақыт көп. Алған білімімді жастарға үйреткім келеді. Әсіресе әйелдерге. Адастым, сүріндім, құладым. Бірақ қайта тұрдым. Бостандыққа шығып, тұрмыс құрып, балалы болсам олар есейгенде басымнан өткеннің барлығын айтып беремін. Бұл жағдай басқаларға сабақ болуы тиіс», - дейді Жансая Таңатарова.

«ДЕСТРУКТИВТІ АҒЫМДАР ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫ СЫНДЫ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ...»

Петропавл түрмесінде терроризм бабы бойынша сотталған 3 әйел жазасын өтеп жатыр. Олар 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылған. Олармен психолог, теолог мамандар жұмыс істейді. Жазасын өтеушілердің бұрынғы өмір салтына қайта оралмасына ешқандай кепілдік жоқ.

«Сотталғандардың санасын жаңғырту үшін жылдар қажет болуы мүмкін. Бостандыққа шыққаннан кейін барлығы адамның өзіне, түскен ортасына байланысты. Егер айналасында радикалды дінді ұстанатындар болса, солардың ықпалымен кетуі мүмкін. Олар түрмеден шыққан соң да оңалуы керек. Түзету мекемесінде әйелдер белгілі бір күн тәртібіне үйренді. Бұйрықпен жүріп-тұрды. Енді басқа өмірге, қоғамға бейімделеді. Жазасын өтеушілер түрлі тесттен өтіп, олардың радикалды көзқарастан қаншалықты арылғаны анықталады. Зерттеу нәтижесіне байланысты жұмыс жүргізіледі. Жастардың мұндай жолға түсіп кетуіне көбіне ақша себеп. Себебі ұйымға қаржылық пирамида сияқты, неғұрлым көп адам шақырғандарға соғұрлым көп қаражат төленеді», - дейді теолог Әйгерім Қасенова.

Қазақстан өз азаматтарын соғыс аймағынан қайтарған санаулы мемлекеттердің бірі. 2019 жылдан бері «Жусан» операциясы бойынша 607 адам елге оралды. Оның 50-ге жуығы түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатса, екеуіне қатысты тергеу жүргізілуде. Елге оралған 413 баланың 34-і – жетім. Ал содырларға еріп, жат жерде опат болғандар жайында есеп жоқ. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Сирияда әлі де Қазақстан азаматтары бар.