"СК-Фармация" басшысы 1 миллион теңге жалақы алатын дәрігерлер туралы айтты

0
901

​2025 жылға дейін дәрігерлердің орташа жалақысын 550 мың теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр.


ERNUR.KZ. "СК-Фармация" ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев өзімен бірдей жалақы алатын дәрігерлер туралы айтты, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте журналистер компания басшысының жалақысы туралы тағы сұрады. Осы орайда Ерхат Есқалиев республикалық телеарнаға берген сұхбатында жалақының нақты көлемін жариялағанын еске салды.


"Мен ол кезде айтқанмын, барлық алым-салықты алып тастағанда, шамамен, 1 миллиондай аламын. Осы жалақыны бақылаушылар кеңесі бекітті", – деді Есқалиев.


Компания басшысы ай сайынғы жалақыны қалай жұмсайтынын айтқан жоқ. "Бұл – менің жеке мәселем", – деп атап көрсетті Есқалиев.

Осыдан кейін тілшілер дәрігерлердің жалақысына қатысты тағы бір сұрақ қойды.


"Дәрігерлер әлеуметтік проблемаларға көңіл бөлмей, тек өз жұмысымен айналысуы үшін ай сайын қанша алу керек деп ойлайсыз?", – деді журналистер.


"СК-Фармация" басшысы бұл мәселе оның құзіретіне кірмейтінін жеткізді. Алайда өзімен бірдей жалақы алатын дәрігерлер бар екенін айтты.

"Бізде барлық үстемақыны қоса алғанда кейбір дәрігерлер бір миллион теңгеден асатын жалақы алады. Ол туралы бұқаралық ақпарат құралдарында айтылған" – деді Есқалиев.

Айта кетейік, бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлерінің орташа жалақысын жариялаған болатын. Оның көлемі – 258 708 теңге. Ал орта санаттағы медициналық қызметкерлер ай сайын 161 281 теңге алып тұрады. 2025 жылға дейін дәрігерлердің орташа жалақысын 550 мың теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр.