Солтүстік Кипрде қазақстандық қыз ауыр пышақ жарақатын алған: СІМ мән-жайын анықтап жатыр

0
282

Министрлік ресми мәліметтердің түсуіне қарай қосымша ақпарат берілетінін атап өтті.


Солтүстік Кипрде қазақстандық қыз ауыр пышақ жарақатын алған: СІМ мән-жайын анықтап жатыр

Видеодан алынған кадр

ERNUR.KZ. Солтүстік Кипрдегі супермаркеттердің бірінде белгісіз ер адам келуші қызға пышақпен шабуыл жасады. Алдын ала ақпарат бойынша, зардап шегуші Қазақстан азаматы. Сыртқы істер министрлігі оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп жазады tengrinews.kz.

Супермаркеттегі шабуыл

Түріктің IHA порталы мәліметінше, оқиға 3 тамызда таңғы сағат 11:45 шамасында болған. Супермаркетке пышақпен қаруланған ер адам басып кіріп, қызға бірнеше рет пышақ сұққан. Кейін ол сол пышақпен өзінің мойын тұсын жаралаған. Оқиға орнында түсірілген видео желіде тарады.

Зардап шеккен қыз бен шабуылдаушы жергілікті ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта полицейлер қатыгездікпен жасалған шабуыл себебін анықтап жатыр.

Кейін зардап шеккен қыз 22 жаста екені белгілі болды. Сондай-ақ ол Қазақстан азаматы болуы мүмкін екені туралы ақпарат тарады.

Күдікті Түркияның 31 жастағы азаматы болуы мүмкін. Ресми түрде расталмаған мәліметтерге сүйенсек, ер адам шабуыл жасамас бұрын қызды бірнеше күн бойы аңдыған.

Зардап шегушінің жағдайы

Cyprusnews247 порталының мәліметінше, зардап шегуші жансақтау бөлімінде жатыр. Оның жағдайы тұрақталғанымен, әлі де ауыр деп бағаланып отыр. Көптеген пышақ жарақатын алған 22 жастағы қызға шұғыл ота жасалды. Ауруханадағы дереккөздер бауыры зақымданғандықтан, оған қайтадан ота қажет болуы мүмкін екенін хабарлады.

СІМ пікірі

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бұл оқиғадан хабардар екенін және жағдайды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.

"ҚР Сыртқы істер министрлігі Солтүстік Кипрде біздің азаматымызбен болған оқиғадан хабардар. Қазіргі уақытта қазақстандық дипломаттар болған жайттың мән-жайын анықтап жатыр және жергілікті құзырлы органдармен байланыста", - деп хабарлады СІМ.

Министрлік ресми мәліметтердің түсуіне қарай қосымша ақпарат берілетінін атап өтті.