«Соңғы мұғалім» қысқаметражды фильмі Ереванда өткен халықаралық қысқаметражды фильмдерге арналған фестивальде арнайы жүлдеге ие болды
ERNUR.KZ. Әлен Рахметалиев түсірген «Соңғы мұғалім» қысқаметражды фильмі Ереванда өткен халықаралық қысқаметражды фильмдерге арналған фестивальде арнайы жүлдеге ие болды, деп жазады inform.kz.
Кинотуындыны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген. Фильмде химия пәнінің мұғалімі Ержан Қайдарұлының өмірі баяндалады. Оның сабақтарында оқушылар үнемі шулап отырады. Бір күні жоғарғы сынып оқушыларынан жәбір көрген ұлын қорғамақ болған ұстаз олармен күреспек болады.
«Фильмнің осындай жетістіктері әрине қуантады. Мен бұл фестивальге бара алмадым. Алайда осы байқауға менің курстасым, досым Дархан Төлегенов қатысты. Оның «Анна» атты фильмі де негізгі бағдарламада көрсетілген болатын. Дарханның айтуына қарағанда, отандық фильмдер көрермендер мен фестиваль қонақтарының көңілдерінен шықты. Бұл қазақ кино өнерінің дамуының бірден бір айғағы, - деді режиссер Әлен Рахметалиев.
Yerevan International Short Film Festival фестивалі достық және жаһандық ынтымақтастықты дамытуды көздейді. Сондай-ақ фестивальдің басты мақсаты - әлемнің үздік қысқаметражды фильмдерін көрсетуге болатын арнайы алаң ашып, Арменияның кино өндірісін дамыту. Биыл фестивальге қатысуға 65 мемлекеттен 650 өтінімдер келіп түскен екен. Айта кетсек, фестивальдің директоры атынан берілген бұл арнайы жүлде отандық жас режиссер түсірген Дархан Төлегеновтың «Анна» атты фильміне де бұйырды.
Еске салсақ, аталған фильм Ыстанбұлда өткен Dostluk Kısa Film Festival халықаралық кинофестивалінде екінші орынды иемденген еді.