Сот блогер Бейбіт Әлібековтің көлігін алып, қаза тапқан жігіттің өліміне қатысты іске нүкте қойды

0
119

​Көлікті жүргізген адам 1 жыл 6 ай мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айырылды.


Сот блогер Бейбіт Әлібековтің көлігін алып, қаза тапқан жігіттің өліміне қатысты іске нүкте қойды

Фото: instagram.com/alibekovkz

ERNUR.KZ. Алматы облысы Іле аудандық соты 2024 жылғы 29 қазанда Іле ауданындағы «Сокол» автодромының аумағында бейнеролик түсіру кезінде қаза тапқан блогер Батырхан Ержановтың өліміне қатысты қылмыстық іске нүкте қойды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Алматы облысының соттары хабарлағандай, күдікті – блогер трюк жасаған кезде көлікті жүргізіп отырған П есімді азамат болған. Оған қатысты іс Қылмыстық содекстің 104-бабы 1-бөлігі бойынша (абайсызда адамөліміне әкеп соққан іс-әрекет) қаралған.

Еске салсақ, 29 қазанда Алматы – Астана трассасының бойындағы «Сокол» автодромында жас жігіт белгілі блогер Бейбіт Әлібековтың көлігімен қауіпті трюк жасамақ болып қаза тапқан болатын. 22 жастағы блогер Батырхан Ержанов жүріп келе жатқан көліктен секіруі керек болған. Алайда Lamborghini рөлінде болған 45 жастағы Анатолий Подлипалин трюк орындау барысында Ержановты басып кеткен.

Оқиғадан кейін Батырхан Іле ауданының орталық аудандық ауруханасына түскен. Дәрігерлер қанша тырысқанымен 30 қазан күні жас жігіт көз жұмды.

Бейбіт Әлібеков қайтыс болған жігіт өзінен бірнеше рет көлігін сұрағанын, бірақ бұл ойға күмәнмен қарайтынын жеткізіп, телеграм-каналында қауіпті трюкті орындау үшін Lamborghini көлігін беру-бермеу туралы сауалнама өткізген. Алайда ақыры көлігін сеніп тапсырған. Оның арты осындай қазаға ұласқан еді.

Соттың мәліметіне сүйенсек, прокурор күдікті П.-ның бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындауды сұраған екен. Күдікті болса кінәсін толық мойындаған. Бірақ, жәбірленуші болып танылған екі адамның әрқайсысына 100 млн теңге моральдық шығын өтей алмайтынын айтқан.

«Жәбірленушілер А. және А. бұл қылмысты қасақана жасалған деп санап, істі ҚР ҚК-нің 106-бабына қайта саралауды сұрады. Айыпты қайта саралау туралы өтініш прокурор тарапынан қолдау таппауына байланысты сот талапты қанағаттандырған жоқ», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.

Сот қандай үкім шығарды

Сот жазаны тағайындау кезінде жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде — айыпталушының кәмелетке толмаған мүгедек баласының бар екенін, шын жүректен өкінуін ескерген екен. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Осыны ескере келе сот сотталушыны 1 жыл 6 ай мерзімге бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

«Сондай-ақ, сот моральдық зиянды өндіру туралы шешім шығарды: Жәбірленуші А.-ның пайдасына — 3 000 000 теңге; жәбірленуші А.-ның пайдасына — 2 000 000 теңге өндірілсін», - деп хабарлайды сот.