Министр сонымен қатар сот орындаушылар неліктен сомасы аз істермен айналысқысы келмейтінін де айтып берді.
ERNUR.KZ. Электронды жүйелер сот орындаушыларының шығындарын азайтуға едәуір көмектеседі. Әділет министрі Марат Бекетаев осылай деді, деп жазады ҚазАқпарат.
«Сот орындаушылардың кейбірі өндіру сомасы аз істермен кейде айналысқысы келмейді. Біз бұл мәселені шешу үшін бірнеше жыл бұрын сараланған атқарушылық санкцияны енгіздік. Содан бастап аз мөлшердегі істер үшін ауқымды атқарушылық санкция болуы керектігі айқындалды. Яғни, егер бұл дифференциация енгізілгенге дейін өндірілген соманың 10% біркелкі ставка болса, қазір атқарушылық санкция 25% дейін жетуі мүмкін. Бұл сот орындаушыларын ынталандырады. Бірақ сот орындаушылар қызметінің ашықтығы және электронды механизмдерді енгізу одан да жоғары нәтижеге жеткізеді», - деді Марат Бекетаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Министр сонымен қатар сот орындаушылар неліктен сомасы аз істермен айналысқысы келмейтінін де айтып берді.
«Уақыт пен қаржылық шығын үлкен, ал табыс аз болғандықтан солай. Ал электронды жүйелер сот орындаушылардың қаржылық және уақыт жағынан шығындарын азайтуға көмектеседі. Егер ол бұрын банктерге, мемлекеттік органдарға сұраныс жіберіп келсе, қазір электронды жүйенің дамуының арқасында ол бұл ақпаратты электронды сұраныстар арқылы әлдеқайда тез және ыңғайлы түрде ала алады. Сонымен қатар, ол ақшаны тапсырыс хат үшін төлеуге жұмсамайды. Елестетіп көріңізші, егер ол 20 банкке жолданған 20 тапсырыс хат үшін ақша төлеп жатса, шығыны қаншаға кетеді? Одан гөрі ол компьютер арқылы сұраныс жолдап, ақпаратты электронды және іс жүзінде ақысыз алады», - деп атап өтті Марат Бекетаев.