Сот жүйесін әрі қарай реформалау үдерісі аясында 2024 жылғы 15 шілдеден бастап Сот төрелігі академиясы Жоғарғы Соттан Жоғарғы Сот Кеңесінің қарамағына берілді.
ERNUR.KZ. Академия ҚР Жоғарғы Сотының жанында жұмыс істеуі есебінен оқыту мен сот практикасының өзара байланысын күшейту мақсатында Мемлекеттік басқару академиясының құрылымынан бөлінген Сот төрелігі институтының базасында құрылды. Сот жүйесін әрі қарай реформалау үдерісі аясында 2024 жылғы 15 шілдеден бастап Сот төрелігі академиясы Жоғарғы Соттан Жоғарғы Сот Кеңесінің қарамағына берілді. ҚР Жоғарғы Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының вице-ректоры Қанат Мусин ОКҚ брифингінде білім ордасының басты міндеттері жайында баяндады.
ҚР Конституциялық заңы «Қазақстан Республикасындағы сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» сәйкес Академия жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады, сот жүйесінің кадрларын қайта даярлау, біліктілігін арттыру және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысады.
«Жоғары Сот Кеңесінің Академияға қатысты ғылыми-білім беру қызметі мәселелері бойынша құзыреті «Білім туралы» заңмен белгіленген. Кеңес сот кадрларын дайындау міндеттерін іске асыруға белсенді қатысады. Маңызды құзыреттер қатарына мыналар жатады: академияның үлгілік оқу жоспарлары мен бағдарламаларын бекіту; ғылыми-білім беру қызметі саласындағы негізгі нормативтік құқықтық актілерді қабылдау; магистрлік жобалар тақырыптарын қалыптастыру; білім алушылардың тәжірибелік дайындығын ұйымдастыру; Академияның ғылыми-білім беру қызметін мониторингтеу және бағалау. Сонымен қатар Кеңес мүшелері қабылдау, мемлекеттік аттестациялық және біліктілік комиссияларының жұмысына белсенді қатысады», – деді спикер.