Сот төрелігі академиясы магистратураға түсу үшін емтихан тапсыру күндерін жариялады

0
59


Сот төрелігі академиясы магистратураға түсу үшін емтихан тапсыру күндерін жариялады

ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясына магистратураға түсу үшін емтихандар 5-22 тамыз аралығында өтеді. Бұл туралы Академияның вице-ректоры Қанат Мусин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.

Магистранттарды қабылдау 25 тамызға дейін жүзеге асырылады. Академия магистратурасында оқу 1 қыркүйекте басталады. Спикер бүгінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен субъективизмді болдырмау мақсатында магистратураға іріктеу тетігі жетілдірілгенін және оңтайландырылғанын атап өтті.

Қабылдау емтиханы үш кезеңнен тұрады:
1) Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығының базасында өткізілетін кешенді тестілеу;
2) кейсті (ситуациялық есепті) шешу;
3) эссе жазу.

Кейсті (ситуациялық есепті) шешу және эссе жазу Академия ғимаратында компьютерлік тәсілмен жүзеге асырылады.

Сондай-ақ Қанат Мусин кешенді тестілеу кезеңінде оқуға түсетіндер Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрінің үлгілік қағидаларында белгіленген шекті балды жинау керек екенін атап өтті. Қазіргі уақытта олар 70-тен 30 балды жинауға тиіс. Мамандық бойынша емтиханның әрбір келесі кезеңінде, яғни кейс шешіп, эссе жазғанда талапкер 100-ден кем дегенде 60 балл жинауы керек.

«Магистранттар қатарына қабылдау конкурстық негізде емтиханның үш кезеңінің қорытындысы бойынша жинаған балдар сомасы бойынша жүзеге асырылады», – деп түйіндеді спикер.