Степногорскіде балалар турнирінде төбелескен екі бапкер сот алдында жауап берді (ВИДЕО)

0
98

​Оларға айыппұл салынды.


Степногорскіде балалар турнирінде төбелескен екі бапкер сот алдында жауап берді (ВИДЕО)

Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Степногорск қалалық соты балалар арасындағы грэпплинг турнирі кезінде бапкерлердің төбелесіне қатысты әкімшілік істі қарады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Желіде тараған бейнежазбада бірнеше ер адамның, шамамен бапкерлердің, сөзге келіп, бір-бірін итеріп, ұрып қалуға тырысқаны көрінеді. Оларды ажыратуға ата-аналар мен турнирге қатысушылар араласқан.

Тексеру нәтижесінде полиция ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі («Ұсақ бұзақылық») бойынша іс қозғады.

«С. және Ш. қалалық турнир кезінде бейәдеп сөздер айтып, қоғамдық тәртіп пен айналадағы адамдардың тыныштығын бұзатын, құрметсіздік білдіретін әрекеттер жасаған», – делінген сот қаулысында.

Сот отырысы барысында екі бапкер де кінәсін мойындап, кешірім сұрап, қатаң жаза қолданбауды өтінген.

«Сот қаулысымен С. мен Ш. кінәлі деп танылып, әрқайсысына 78 640 теңге көлемінде айыппұл салынды», – деп мәлім етті сотта.

Сот актілері әзірге заңды күшіне енген жоқ.