​Су – ортақ құндылық. Қазақстанда су саясаты қалай жүргізіліп жатыр?

0
125

Кей жерлерде жер емген шаруалар егістігін суаруға ағынсу таппай отырса, енді бір жерлерде ескірген каналдар мен тиімсіз жүйелердің салдарынан қолда бар ресурс ысырап болып келеді.


​Су – ортақ құндылық. Қазақстанда су саясаты қалай жүргізіліп жатыр?

фото ЖИ арқылы әзірленді

Қазақстан Респуликасы және тұтас жер тұрғындары үшін су тапшылығы ендігі болашақтың мәселесі емес, бүгінгі күннің өзекті проблемасына айналып үлгерді. Кей жерлерде жер емген шаруалар егістігін суаруға ағынсу таппай отырса, енді бір жерлерде ескірген каналдар мен тиімсіз жүйелердің салдарынан қолда бар ресурс ысырап болып келеді. Енді бір аймақта су инфрақұрылымы жаңартылса, тағы бір жерлердегі тозған желілер судың тиімділігіне кері әсерін тигізуде. Міне осындай қарама-қайшы жағдайлар Қазақстанды да су қауіпсіздігіне айрықша назар аударуға мәжбүрлейді. Өйткені, су қоры мол болғанымен, ол қор дұрыс пайдаланылмаса экономикаға да, экологияға да зияны тиеді. Сондықтан қазір су қоры, ол қордың қалай үлестірілетіні, қанша көлем тиімді пайдаланылатыны және су шығыны бүге-шүгесіне дейін есептеліп отырады.


Әдетте суға қатысты проблемалар сөз болғанда климаттың өзгеруі, құрғақшылық, ғаламдық жылыну, мұздықтардың еруі, өзендердің тартылуы және трансшекаралық су көздеріне тәуелділік тақырыптары қозғалады. Бірақ, қолда бар ресурстың қаншалықты тиімді пайдаланылып жатқандығы тасада қалып кетеді. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше жылдан бері өз Жолдаулары мен Үндеулерінде осы салаға ерекше мән беріп, тиімділікті көтеру бойынша нақты тапсырмалар беріп келе жатыр.


Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми деректеріне сүйенсек, елімізде жыл сайын 25 миллиард текше метрге жуық су тұтынылады екен. Оның 65 пайызы ауыл шаруашылығы саласында, 25 пайызы өнеркәсіп саласында қолданылады. Біз бұдан су үнемдеу жұмыстары суға тәуелді салалардан бастау қажеттігін аңғарамыз. Қазақстан аумағындағы су мәселесі сөз болғанда, ең алдымен суармалы егіншіліктегі проблемалар да ойға оралады. Себебі осы салада канал арқылы жеткізілетін ресурстың қаншама бөлігі ысырап болып жатыр. Сондықтан бұл шығын нақты есептеліп, инфрақұрылым жаңаруы тиіс. Қазақстан Үкіметі іске асырып жатқан жобалар да осы мақсатқа негізделген.


Соңғы жылдары ел Үкіметі су саласындағы басқару жүйесін жаңғыртуға айрықша назар аударып, тың реформалар басталып кетті. Жаңа Су кодексі қабылданып, бассейндік басқару қағидаты енгізіле бастады. Су шаруашылығы нысандарын жаңғырту, су үнемдеуге мүмкіндік беретін технологияларды дамыту мен енгізу, цифрлық есеп жүргізу мемлекеттік саясаттың негізгі бір бағытына айналды. Аталған ведомствоның ресми деректеріне сүйенсек, бүгінге дейін Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесіне 23 мыңнан астам су нысаны туралы ақпарат енгізілген екен. Оның 17 748-і өзен, 3 148-і көл және 1 109-ы гидротехникалық құрылыс. Сәкесінше, бұл деректер су саласын тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Бірақ, бұл деректер қоймалардағы су қоры, каналдардың ахуалы, тұтыну көлемі, өңірлердің қажеттілігі сынды ақпараттармен қабыспайтын болса, тек есеп болып қала береді.


Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов біршама уақыт бұрын министрліктің алдында тұрған негізгі міндеттерді атап өткен болатын. Олар – құрылысы жүргізіліп жатқан нысандардағы жұмысты уақтылы әрі сапалы аяқтау және тұрғындар мен экономика игілігі үшін тұрақты нәтижеге қол жеткізу. Бұл мәлімдемеден су саласындағы реформаның нәтижесін орындалған жұмыстардан аңғару керектігін ұғынамыз.


Ендігі кезекте «каналдар жөнделсе, су үнемделе ме?» деген сауалға жауап іздеп көрелік. Әлбетте, Қазақстанның су қауіпсіздігін айқындайтын негізгі факторлардың бірі – су инфрақұрылымының жағдайы. Бұл факторға әсіресе ауыл шаруашылығына басымдық беретін оңтүстік өңірлер тәуелді болып саналады.


Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің қыркүйек айындағы дерегіне сүйенсек, 2024–2025 жылдары жалпы ұзындығы 1 458 шақырым канал қайта жөндеуден өткізілген. Ал бүгінгі таңда жалпы ұзындығы 4,6 мың шақырымнан асатын каналдар жаңғыртылып жатыр. Биыл оның 962 шақырымы пайдалануға беріледі. Әрине, бұл өте ауқымды жұмыс. Бірақ мәселе мұнымен шешілмейді, маңыздысы – судың үнемділігі мен тиімділігі. Егер егістіктерде ескі әдістер қолданылатын болса, каналдардың жөнделуі су шығынын қысқартуға әсер ете қоймауы ықтимал.


Сондықтан мемлекет билігі тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларын енгізу саласына басымдық беріп отыр. Нәтижесінде өткен жылы заманауи технологиялар енгізілген алқап көлемі 543,5 мың гектарға жетіп, шамамен 874 миллион текше метр су үнемделген екен. Бұл – назар аударуға тұрарлық көрсеткіш.


Қазақстанның су қауіпсіздігіне әсер ететін тағы бір күрделі мәселе – трансшекаралық өзендерге деген тәуелділік. Ертіс, Іле, Сырдария, Шу және Талас өзендері бірнеше мемлекеттің аумағын кесіп өтеді. Яғни осы өзендердегі су ресурсы Қазақстанға ғана байланысты болмайды. Атап айтқанда, жоғарғы ағыстағы шаруашылық, қоймалардың жұмысы, ирригациялық қажеттіліктер мен климаттық өзгерістер төменгі ағыстағы Қазақстанға тікелей әсер етеді. Сол себепті Қазақстан Республикасының су саласындағы саясаты бірнеше міндетті қатар атқарады. Оның бірі шекаралас елдермен су ресурсын әділ бөлу келісімдерін нығайту болса, енді бірі өзендердің экологиялық қызметін сақтау.


Су ресурстарын басқару саясатын іске асыру барысында нысандардың табиғатқа тигізетін әсерін де ерекше ескеру қажет. Өйткені су тек өндіріске қолданылмайды, тұтас экожүйенің тіршілігіне тікелей әсер етеді. Мысалы кезінде аты әлемге әйгілі болған Арал теңізінің суын есепсіз пайдаланудың салдары қандай болғаны жалпақ жұртқа аян. Теңіздің тартылуы халықтың денсаулығы мен әлеуметтік жағдайына зиян тигізіп, бірнеше толқын ұрпақтың өміріне әсер етті. Дегенмен кейінгі жылдары Солтүстік Аралды қалпына келтіру бағытында оң өзгерістер орын алып келеді. Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінде Солтүстік Аралдың көлемі 2023 жылдың басындағы 18,4 миллиард текше метрден 23,5 миллиард текше метрге дейін ұлғайғаны көрсетілген. Бұл су шаруашылығы саласындағы шешімдердің оң нәтижеге ықпал ете алатынына дәлел.


Атап өту керек, өткен жылы күшіне енген жаңа Су кодексі су ресурстарын қорғау мен пайдаланудың құқықтық негізін жаңартты әрі нығайта түсті. Бұл кодексте бассейндік басқару, су қорғау аймақтарын белгілеу, су нысандарын сақтау және өндірістік кәсіпорындарды айналымды әрі қайта пайдаланылатын сумен жабдықтау жүйелеріне көшіру мәселелері қарастырылған. Нәтижесінде қазір 8 су шаруашылығы бассейні бойынша бассейндік жоспарларды әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл әр өңірдің табиғи және экономикалық ерекшеліктерін ескеруге мүмкіндік туындатады. Ең бастысы – жаңа кодекстегі талаптардың нақты іс жүзінде орындалуы.


Қорыта айтсақ, Қазақстандағы су саясаты жаңа кезеңге қадам басты. Құқықтық база жаңартылды, инфрақұрылымды жаңғырту іске асырылып жатыр, жаңа технологиялар енігізілу үстінде және цифрлық жүйе қалыптасуда. Мұның барлығы су ресурстарын тиімді пайдалану саласындағы маңызды істер. Бірақ Мемлекет басшысы өз Жолдауында айтқандай, реформаның нәтижесі бөлінген қаражатпен, жөнделген каналдың ұзындығымен, құжаттар санымен бағаланбауы қажет. Нәтиже халықтың тұрмыс-тіршілігінен, шаруалардың шаттығынан, өндірістің өркендеуінен аңғарылуы тиіс.


Су – табиғат берген тегін байлық болғанымен, сол байлықты сақтау, таза ұстау, жеткізу және қалпына келтіру қажырлы еңбек пен қомақты қаржыны талап етеді. Су – тұтас халыққа ортақ құндылық. Сондықтан оны тиімді пайдалану туралы ақпаратты біліп қана қоймай, әркім өз өмірінде талаптарды сақтауы тиіс.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ