Сумен жабдықтау қызметімен халықтың 96%-ы қамтылды – Ералы Тоғжанов

0
565

Үкімет 2025 жылға қарай тұрғындарды 100 пайыз таза сумен қамтамасыз етпек.


Сумен жабдықтау қызметімен халықтың 96%-ы қамтылды – Ералы Тоғжанов

ERNUR.KZ. Қазақстанның 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына сәйкес су шаруашылығын дамытуды жақсарту, ирригациялық, су тарту құрылыстары мен дренаждық жүйелерді қалпына келтіру, жаңа су шаруашылығы объектілерін салу, топтық су құбырларын реконструкциялау және суды үнемдеу бойынша шаралар қабылдау қажет. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Мәжіліс қабырғасында өтіп жатқан Парламенттік тыңдауда айтты, деп жазады Azattyq Ruhy.

Ералы Тоғжановтың айтуынша, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасында жаңа су қоймаларын салу, каналдар мен гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялау көзделген.

«Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың ұлттық жобасында мемлекеттік қолдау шаралары есебінен су үнемдеу технологиялары қолданылатын суармалы жерлердің аумағын 450 мың гектарға дейін ұлғайту көзделген. «Ауыз су», «Ақ бұлақ», «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» және «Нұрлы жер» мемлекеттік және салалық бағдарламаларын іске асыру нәтижесінде бүгінгі күні сумен жабдықтау қызметімен халықтың 96%-ы қамтылды», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Ауылдық елдімекендерде сумен жабдықтау желілерін салу мен реконструкциялауды жалғастыру «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасында қамтылған. Осылайша, Үкімет 2025 жылға қарай тұрғындарды 100 пайыз таза сумен қамтамасыз етпек.

«Сондай-ақ Қазақстанның 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында жеке тұлғалардың, аграрийлердің және кәсіпорындардың суды тиімді пайдалануына түрткі болатын жүйелі нормаларды енгізу мақсатында су заңнамасын өзектендіру, кәсіпорындар мен тұрғын үй-коммуналдық саласында суды пайдалану мен тазартудың тұйық циклын ынталандыру қажет», - деді Тоғжанов.