Суы улы болмаса да, Көлсайда неге суға түсуге болмайтыны анықталды

0
164

Ақпараттық технология саласындағы кәсіпкер, Telegram мессенджері мен ВКонтакте әлеужелісінің негізін қалаушы миллиардер Павел Дуров 40 жылдық мерейтойын Қазақстанда атап өтті.


Суы улы болмаса да, Көлсайда неге суға түсуге болмайтыны анықталды

ERNUR.KZ. Бүгінде Сент-Китс пен Невис, БАӘ және Францияның азаматтығына қатар ие, ен байлығы 17 миллиард доллардан асатын Павел Дуров 1984 жылы 10 қазанда Ресейдің Ленинград қаласында дүниеге келген, деп жазады inbusiness.kz.


Ол осы аптада Астанада өткен Digital Bridge 2025 форумына қатысты. Содан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Алматы әкімі Дархан Сатыбалдымен кездесті.

Ізінше миллиардердің әрекеті қызу талқыға себеп болды. Павел Дуров Қазақстанға сапары барысында Көлсай көліне суға түсті. Солай жасағанын өзі хабарлап, соны растайтын, көлден шығып келе жатқан мезеті бейнеленген төл видеосын өзінің ресми парақшасында орналастырды және жаһанға ашықтан ашық жария етті.

Кадрда Дуров еш қымсынбай, асықпай-аптықпай судан баяу шығып келеді. Артқы жағында қазақстандық асқақ таулар мен қар басқан асқаралы шыңдар оған әдемі фон қызметін атқарыпты.

Видеоролик халықаралық әлеуметтік желілерге лезде тарап, әлемді кезіп кетті және резонанс туғызды. Мұны көрген қазақстандықтар жаға ұстады және Ұлттық парк аумағында орналасқан бұл көлге суға түсуге заңмен тыйым салынғанын еске түсірді. Бұған рұқсат етілмейтіні туралы тиісті ескертпелер жағалауда самсап тұр.

Журналисттер бұзушылыққа қалай жол берілгенін, ең бастысы – миллиардерге қандай жаза қолданылатынын сұрап, "Көлсай көлдері" мемлекеттік ұлттық табиғи парк әкімшілігіне жүгінді.

"Көлсай көлдерінің бәрінде суға түсуге қатаң тыйым салынған, ол үшін әкімшілік іс қозғалуы мүмкін. Бұл жайт туристік маршруттің паспортында да атап көрсетілген. Сондықтан аталған факт (Дуровтың заңсыз суға түсуі) бойынша парк басшылығы қызметтік тергеуге бастамашы болды. Соның қорытындысында өз атына бекітілген жер теліміне тиісті бақылауды қамтамасыз ете алмаған парктің лауазымды тұлғаларына қатысты тәртіптік сипаттағы шаралар қабылданатын болады", – деп жауап қатты ведомство Centralmedia24 тілшілеріне.

Өз кезегінде парк қызметкерлері барлық туристерге бұл көлдерге суға түсуге қатаң тыйым салынғаны туралы алдын ала, міндетті түрде ескертілетінін білдірді.

Ресейлік ақпарат құралдары, соның ішінде ТАСС миллиардерді жазаламағанына назар аударды.

"Өйткені Көлсай көлдері – мемлекеттік ұлттық табиғи парктің бір бөлігі Халықаралық міндеттеме бойынша ол адамдар былғамаған, саф таза күйінде қалуы керек. Сондықтан оған қатысты кез келген ереже бұзушылық үшін Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 380-1-бабы бойынша 39 320 теңге (шамамен 5 950 рубль) айыппұл салынады", – деп ескертті ресейлік ақпарат агенттігі.

Ресейлік "Коммерсантъ" та Дуровтың ешқандай жаза арқаламайтынына назар аудартты.

"Павел Дуровқа Қазақстан Көлсай көліндегі қатаң тыйымды бұзғаны үшін айыппұл салмайтын болды. Көлсай көлдерінде суға түсуге қатаң тыйым салынған. Оны бұзғандардың бәріне салмақты айыппұл қарастырылған. Алайда парк қызметкерлері Telegram негізін қалаушы Павел Дуровтың суға түсіп жатқанын көрмепті. Сондықтан оны ешкім жазалауды жоспарлап отырмағанын жеткізді. Мұны парк әкімшілігі хабарлады", – деп мәлім етті ресейлік газет.
"Біз оны суға түсіп жатқан кезінде көрген жоқпыз. Онда қалай біз оны сырттай айыптай аламыз? Оның үстіне Дуров Қазақстанның азаматы емес", – деп түсіндірді парк әкімшілігінің өкілі ТАСС-қа жауабында.

Жалпы, Көлсай көлдерінің суы зиянды, улы болмаса, неге оған шомылуға тыйым салынған? Жер ғаламшарында көркімен көз тартар, табиғатымен тамсантар су қоймалары сонша көп қалған да жоқ. Сондықтан олардың тұмса табиғи қалпын сақтау үшін жаһандық ұйым мемлекеттерге өз аумағындағы осы су қоймаларын қызғыштай қорғауға міндеттеді.

Мысалы, Anadolu агенттігінің мәліметінше, Көлсай көлдері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік биосфералық резерваттары желісінің тізіміне енгізілген. Тиісті шешім 2021 жылы осы жаһандық ұйымның "Адам мен биосфера" Халықаралық бағдарламасының үйлестіруші кеңесінің 33-ші сессиясында қабылданды.

Ресейлік "Моя планета" мамандандырылған порталы ЮНЕСКО қолдауына алынған, адамдардың суға түсуіне қатаң тыйым салынған, көрінісі керемет су қоймаларын атады.

1. Көлсай көлдері

Көлсай көлдері – Тянь-Шань тауларындағы өте таза, мөлдір 3 көлден тұрады каскад. Орналасқан жері – Қазақстан. Суға шомылуға тыйым салыну себебі – миллиардтаған жыл бойы қалыптасқан бірегей экожүйені сақтап қалу үшін тыйым белгіленді.

Көлсай көлдері – Тянь-Шаньның солтүстік бөлігінің інжу-маржаны. Оны жергілікті тұрғындар "көгілдір алқа" деп атап, қасиет тұтады.

Оның құрамына кіретін Төменгі, Ортаңғы және Жоғарғы көлдер мемлекеттік ұлттық парктің аумағына қосылған. Көлдің суы өте таза, шыныдай мөлдір, ауасы денсаулыққа шипалы. Көлді тостаған сияқты жан-жақтан қылқан жапырақты орман мен маңғаз да айбарлы таулар қоршап тұр.

Көлсай көлдеріне суға түсуге қатаң тыйым салынған! Оның суы улы емес, бұл тыйым нәзік экожүйені сақтап қалу мақсатында енгізілген. Егер бір адамға суға түсуге рұқсат етілсе, оның жолын кеспесе, бұл жер құжынаған адамға толып, табиғатына залал келеді, деп жазды "Моя планета".

Портал сондай-ақ Көлсайдың суы – ішсе маңдайды тесіп өтердей суық екенін еске салады. Тіпті жаздың өзінде туристерге қолжетімді Төменгі өзенде су температурасы +8°C-тан жоғары көтерілмейді.

Ереже бойынша келушілерге жаяу серуендеуге, Көлсай көлдерінің сұлу табиғатына сүйсіне қарауға, сондай-ақ кейбір тұсында ғана моторы жоқ қарапайым қайықпен және катамаранмен жүзуге ғана рұқсат етілген. Арнайы бөлінген жерлерде пикник жасап, дастархан жаюға жол беріледі. Басқасының бәріне – тыйым салынады.

2. "Қайнаған көл"

Орналасқан жері – Кариб аймағындағы Доминика аралы, Морн-Труа-Питон табиғи паркі.

Суға түсуге тыйым салу себебі – шектен тыс қатты қызады: су температурасы жағалауға жақын жерде +82-ден 92°C-ға дейін, ортасына қарай +100°C-қа дейін жетеді. Бұл шәйнектегі қайнаған судың қызуымен тең.

Оның атауы жай ғана метафора емес, ол әлемдегі тоқтаусыз, әрі ең қатты қайнайтын көлдердің бірі. Оның суын төменнен магмалық газдар қыздырады. Көлдің беті қазандай бұрқ-сарқ етіп қайнап, айналасын үздіксіз буландырады, сол арқылы жатпланеталық табиғатты елестететін сюрреалистік пейзаж түзеді. Сонысымен де туристерді магниттей тартады. Алайда онда шомылмақ түгіл, жанына жақындаудың өзі қауіпті болуы мүмкін.

Оның үстіне ауа күкіртті сутекпен және басқа да улы газдармен қаныққан, олар тыныстауды қиындатады. Тиісінше, ресми соқпақтар мен бақылау алаңдары келушілерді күйіктен және уланудан қорғайтындай етіп ұйымдастырылған.

3. Лост-Лейк көлі

Атауы ағылшын тілінен "Жоғалған көл" деп аударылады. Орналасқан жері – АҚШ-тағы Орегон штаты. Суға түсуге тыйым салыну себебі – түбінде лавалық шыңырау бар, салдарынан су жерасты қуыстарына ағып кетеді де, түскен адам мен аңды түбіне тартып кетеді.

Бұл жұмбақ көл саналады: жыл сайын жоғалып кетеді – суы кенеттен жер астындағы әлдебір түтіктерге "тығылады", кейін кенеттен қайта оралады. Тірі жан "Жоғалған көлдің" қауіпті екенін түсінбеуі мүмкін.

Мамандандырылған портал Көлсайдың – суық суымен, "Қайнаған көлдің" – ыстық суымен адамды үркітетінін еске түсірді, ал, мына орегондық көл керісінше, алыстан менмұндалап, өзіне тартып тұрады. Оның айналасын қылқан жапырақты, әсем бейнелі орман қоршап тұр. Сонысымен туристер мен балықшылар арасында кең танымал.

Алайда көлдің түбінде лавалық түтік – табиғат қалыптастырған жерасты түзілім бар, ол алапат сорғы рөлін атқарады. Содан бірнеше апта ішінде суы шалқыған көл орнында батпақ қана қалады. Онда суға шомылу қауіпті: қуатты суасты ағындары кез келген нәрсені оп-оңай жерасты қабаттарына тартып алып кетеді.

4. Роопкунд көлі

Орналасқан жері – Үндістанның Уттаракханд штаты. Жергілікті жұртшылық оны "қаңқалар көлі" атайды, өйткені Гималайдағы бұл көлдің түбі адам қаңқаларына толы. Суға түсуге тыйым салудағы себеп – байырғы замандардан адамдар жаппай жерленген, сондықтан үлкен антропологиялық және археологиялық құндылыққа ие.

5 шақырым биікте, Гималай тауларының жотасында жатқан мұздықты көл Роопкундты жылдың басым бөлігінде мұз басып жатады. Ол ерігенде, көл түбін толтырған адам сүйектері анық көрінеді.

1942 жылы ашылғалы бері көл ғалымдардың жіті назарын аудартты. Жергілікті аңыздар бойынша оның астында Парвати пұт-құдайын ашуландырған патша және оның нөкерлері жерленген. Халықтың наным-сенімі бойынша патша тәңіріне тіл тигізгені үшін кешірім алу үшін зиярат етуге аттанады, бірақ іші пыспауы үшін өзімен бірге биші қыздарды қоса алып шығыпты. Бұл жаңа қаһар туғызған-мыс. Долданған Парвати бұршақ аралас сұрапыл боран тудырып, барлық жолаушыны мерт қылған.

Бірқатар зерттеуші патшаның "командасымен" қырылып қалуына көлемі крикеттік допқа дейін жеткен тосын бұршақтың жаууы себепкер болды деп тұспалдайды. Енді бірі олардың ритуалды құрбан болғанын болжады. Арасында жаугершілік заманда Гималайдан аса алмаған жауынгерлер де болуы мүмкін.

Nature журналы 2019 жылы жазғандай, жаңа генетикалық зерттеулер сүйектердің VII-X ғасырларда жантәсілім еткен жергілікті тұрғындар сыртында, XVIII ғасырда өмір сүрген Жерорта теңізі жағалауы жұрттарының өкілдеріне, сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс Азия тумаларына да тиесілі екенін анықтады. Көл – тарихи ескерткіш деп танылған.