Теңіз кенішінен 3 мыңға жуық адам шығарылды

0
891

«Теңізшевройл» компаниясы жұмысшылардың тұрғылықты мекен-жайына жеткенге дейінгі барлық жол шығынын өз есебінен төлейді.


Теңіз кенішінен 3 мыңға жуық адам шығарылды

ERNUR.KZ. Атырау облысындағы Теңіз кенішінен 3 мыңға жуық адам шығарылды. Бұл туралы өңірлік жедел штабтан мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Теңізшевройлдың» және өзге де мердігер компаниялардың жұмысшыларын Теңіз кенішінен уақытша шығару жалғасуда. Кен орнынан 17 мың адам шығарылады. Оның ішінде Атырау облысының 7191 тұрғыны бар», деп хабарлады төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік жедел штабтан.

Штабтың мәліметіне сүйенсек, 16 сәуірден бері Теңіз кенішін 2868 жұмысшы тастап шыққан. Олардың 1619-ы – Атырау облысының тұрғыны. Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысына – 283, Түркістан облысына – 241, Қызылорда облысына – 166, Жамбыл облысына – 103, Ақтөбе облысына 455 адам жеткізілген.

«Теңіз кеніші аумағынан шығарылар алдында барлық жұмысшы COVID-19 инфекциясына міндетті тестті тапсырды. «Теңізшевройл» компаниясы жұмысшылардың тұрғылықты мекен-жайына жеткенге дейінгі барлық жол шығынын өз есебінен төлейді. Жұмысшыларды шығаруға автобус, әуе және темір жол көліктері қолданылуда», -деді өңірлік жедел штабтан.

Ал, ТШО компаниясы басшыларының айтуынша, Теңіз кенішінен тікелей өндіріске қатысы жоқ персоналдар шығарылуда. Компанияның өндірістік қызметі өз жұмысын штаттық режимде жалғастырып жатыр.