«Тергеу жүреді»: Өскеменде биіктен құлап кеткен актрисаға қатысты театр ресми мәлімдеме жасады

0
376

Еңбек инспекциясы тергеу жүргізеді.


«Тергеу жүреді»: Өскеменде биіктен құлап кеткен актрисаға қатысты театр ресми мәлімдеме жасады

ERNUR.KZ. Өскеменде декорация сынып, актриса биіктен құлап кеткен болатын. Осыған орай, Шығыс Қазақстан облыстық драма театр мәлімдеме жасады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«2024 жылы 29 маусымда ШҚО мәдениет басқармасының «Шығыс Қазақстан облыстық драма театры» КМҚК-да келеңсіз оқиға болды. Оқиға облыстық драма театрының сахнасында, атап айтқанда, ғимараттың террасасында “Ғашықтар хикаясы немесе жатақханадағы серілер” спектаклі кезінде болды. Спектакль кезінде қазақ труппасының актрисасы Мақпал Елтайқызы балкон типтес декорацияға сүйеніп құлаған. Бірақ, ол орнынан тұрып, ары қарай рөлін сомдай бергендіктен, спектакль тоқтаған жоқ»,- деп жазған театр хабарламасында.

Театр әкімшілігі тарапынан алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, жедел жәрдем бригадасы шақырылған.

«Қазір актриса алған жарақаттардың ауырлығы анықталып жатыр. Медициналық қорытынды бойынша театр тарапынан актрисаға денсаулығын қалпына келтіру бойынша көмек көрсетіледі. Бұл оқиға туралы Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына хабарланды. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданады»,- деп хабарлайды театр әкімшілігі.

Осыған дейін театр актрисасы Мақпал Елтай декорация сынып кетіп,биіктіктен құлаған видеосын жариялаған еді.