Ал баласының түздегі тірлігіне бей-жай қараған ата-ана айыппұл төледі.
иллюстрациялық фото
ERNUR.KZ. Ақтауда көпқабатты үйдің шатырына шығып сальто жасаған баланың кім екені анықталып, әке-шешесі жауапқа тартылды, деп жазады ktk.kz.
Шатырдың ұшар басындағы ернеуіне шығып артқа қарай секірген жеткіншектің бейнежазбасы "Тик-Ток" желісінде тарап кеткен болатын. Атымды шығарамын деп ажалмен ойнаған бала ақырында ата-анасына айыппұл төлетіп тынды.
Әлеуметтік желіге бейнежазбаны баланың өзі салған. Ал оны сыныптастары түсіріпті. Абырой болғанда қасындағы балалар да дін аман. Құрдастарымен көп қабатты үйдің шатырына шыққан бала өзі ғана емес, қасындағылардың өміріне қауіп келтірді. Ал баласының түздегі тірлігіне бей-жай қараған ата-ана 27 мың теңге көлемінде айыппұл төледі. Құрылыс нысанына балалар аңғал-саңғал күйінде ашық тұрған шарбақтан кіріп кеткен. Қазір құрылыс алаңдарында күзет күшейтіліп, талапқа сай қоршалды.
Әйгерім Ибатуллаева, Маңғыстау облыстық ПД Ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің бастығы:
- Шатырда 5 бала болған. Барлығы – бір мектептің 5-сынып оқушылары. Бәрінің мекен-жайын анықтап, әке-шешелерімен сөйлестік. Осы оқиғадан кейін бүкіл мектептерге ювеналдық полиция, психолог және мектеп мұғалімдерінің қатысуымен түсіндіру шараларын өткізіп жатыр. Ал шатырға шыққандардың ісімен ары қарай қалалық әкімдіктегі кәмелекте толмағандардың құқын қорғау жөніндегі комиссия мүшелері айналысады.