Тіркеу мерзімі өтті: Қазақстанда кімдердің телефоны бұғатталады

0
147

Байланыс аясынан тыс қалмау үшін пайдаланушыларға телефонының IMEI кодын алдын ала тексеру кеңес етіледі.


Тіркеу мерзімі өтті: Қазақстанда кімдердің телефоны бұғатталады

Фото: freepik.com

ERNUR.KZ. Бүгін, 25 шілдеде Қазақстанда міндетті тексеруден өтпеген құрылғылар байланыстан ажыратыла бастайды. Ұялы телефондар сатып алу күні мен қандай жағдайда сатып алғанға байланысты өшіріледі, деп жазады stan.kz.

Мемлекеттік органдар мен барлық мүдделі тараптың қатысуымен өткен жиында 25 маусымға дейін жұмыс істеп тұрған құрылғылардың желіге қол жетімділігіне тосқауыл қоймау туралы шешім қабылданды. Демек мұндай телефондар тексерілген-тексерілмегеніне қарамастан мобильді желілерде жұмысын жалғастыра береді.

"Жиынға қатысқандардың барлығы тіркелмеген, бірақ 2025 жылғы 25 маусымға дейін пайдаланылған ұялы байланыс құрылғылары автоматты түрде заңдастырылады деген қорытындыға келді. Олар өшірілмейді", – дейді Еуразиялық тұтынушылар одағының басқарма төрағасы Светлана Романовская.

Цифрлық даму министрлігі бұл ақпаратты растады. Бизнес үшін өтпелі кезең 25 мамырда аяқталды — компаниялар сатылмаған телефондарды алдын ала тіркеуге мүмкіндік алды. Бірақ қарапайым пайдаланушылар үшін мына нәрсе маңызды: егер ұялы телефон желіге алғаш рет 25 маусымнан кейін қосылған болса, ол "сұр тізімге" енгізіледі. Демек, ұялы телефон иесінің құрылғыны тіркеуге бір ай уақыты болған. Егер тіркеп үлгермеген болмаса, ұялы телефоны өшіп қалуы мүмкін.

"Жеке тұлғаларға 25 маусымға дейін өз бетінше тексеруден өту үшін құрылғыларды заңдастыруға уақыт берілді. Желіге қосылған кезде тексеруден өтпеген құрылғы "сұр тізімге" енгізіледі. Мұндай құрылғыларды тексеру үшін 30 күн беріледі. Құрылғы белгіленген мерзімде тексеру рәсімінен өтпесе, ол "қара тізімге" кіреді", – делінген цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі хабарламасында.

Байланыс аясынан тыс қалмау үшін пайдаланушыларға телефонының IMEI кодын алдын ала тексеру кеңес етіледі – оны egov.kz, kz-imei.kz немесе imei.rfs.gov.kz сайттарында жылдам әрі тегін тексеруге болады. Ал егер сіз жаңа телефон сатып алып жатқан болсаңыз, міндетті түрде сатушыдан IMEI кодын сұрап, оның тіркелгеніне көз жеткізіңіз. Мамандар мұндай тексеру тек қауіпсіздік үшін ғана емес, заңсыз әкелінген "сұр" құрылғылардан қорғану үшін жүргізіліп жатқанын айтады.