Тоқаев кредит төлеу мерзімін кейінге қалдыруды тапсырды

0
2 500

​Экономиканың зардап шеккен салаларындағы ШОБ-қа кредиттер бойынша төлемдерін кейінге шегеруге мүмкіндік беріледі.


Тоқаев кредит төлеу мерзімін кейінге қалдыруды тапсырды

ERNUR.KZ. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке шағын және орта бизнесті қолдау шараларын қарастыруды тапсырды, деп жазады Sputnik Қазақстан.

"Үкіметтен келесі мәселелерді тез арада пысықтауды сұраймын: бірінші – пандемиядан зардап шеккен салалардағы ШОБ субъектілері үшін жекелеген салықтар мен төлемдерді төлеуді кейінге қалдыру, екіншісі – салықтық және кедендік берешектерді мәжбүрлі түрде өндіріп алуды уақытша тоқтату", - деді Тоқаев коронавирус індетіне қарсы қабылданып жатқан шаралар жөніндегі жиында.

Айтуынша, аталған шаралар жаппай вакциналау басталғанға және шектеулердің көбі алынғанға дейін уақытша қолданыста болуға тиіс.

Сондай-ақ, президент Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне экономиканың зардап шеккен салаларындағы ШОБ-қа кредиттер бойынша төлемдерін кейінге шегеру мүмкіндігін пысықтауды тапсырды.


"Үкімет пандемияға қатысты жағдайды жақсы жағына қарай өзгертеді деген үмітпен, мамырдан бастап ШОБ субъектілеріне, соның ішінде қызмет көрсету саласында шектеулерді біртіндеп алып тастауға кірісе беруге болады", - деді Тоқаев.


Президент үкіметке ASHYQ жобасының ауқымын кеңейту және жүйені белсенді енгізуді қамтамасыз ету міндетін жүктеді. Сондай-ақ, ол тиісті нормативтік база жасаудың маңыздылығын атап өтті.