Тоқаев Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты

0
589

Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік туымыз бен еліміздің бас қаласы ұлт бірлігінің жарқын символы екенін айтты.


Тоқаев Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты

Қазақстан Президенті Елорда күніне арналған мерекелік іс-шараны дәстүрлі түрде ашатын Мемлекеттік ту көтеру салтанатты рәсіміне қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

– Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге – 30 жыл. Сондықтан бұл рәсімнің тарихи мән-маңызы айрықша. Көк туымыз – Тәуелсіз Қазақстанның ең басты рәмізі. Халқымыз үшін азаттықтан асыл, байрақтан биік құндылық жоқ. Қазақтың тарихы «Туың жығылмасын!» деген бір ауыз тілекке сыйып тұр. Бабаларымыз қашанда туын биік ұстаған. Елдігі сынға түскен сәтте байрақ астына бірігіп, тұтастығын танытқан. Ерлік пен бірліктің дәстүрі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, Тәуелсіздік дәуіріне ұласты. Егемен елдің көк байрағы – мызғымас мемлекеттігіміздің белгісі, – деді Президент.



Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары әскери оқу орнының түлектерінің алдында сөйлеген сөзінде Мемлекеттік туымыз бен еліміздің бас қаласы ұлт бірлігінің жарқын символы екенін айтты.

– Елордамыз – қазіргі Қазақстанның бетке ұстар бас қаласы. Еліміздің орталық мегаполисі болашаққа жол ашатын ордаға, жалпы ұлт болып ұйысудың және шынай патриотизмнің үлгісіне айналды. Тұңғыш Президент – Елбасы мен миллиондаған отандасымыздың қажырлы еңбегінің арқасында бой көтерген қала – халқымыздың мақтанышы. Отанымыздың жүрегі дәл осы жерде соғып тұр. Аса маңызды шешімдердің бәрі осы жерде қабылданып, салмақты ой-пікірлер ортаға салынып, бірегей жобалар жүзеге асырылып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.


Қазақстан Президентінің пікірінше, елорда дарынды, жігерлі отандастарымыздың, сондай-ақ, өзге мемлекеттердің көптеген азаматтарының бас қосатын орталығына айналды. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы дала кіндігінде қасиетті Туды биікте желбірете отырып, еркіндік пен егемендік мұратына бейілді екенімізді атап өтті.

– Елорда күні адамдарды қолдап, шабыттандыру, бірліктің күшін, өзара көмектің маңыздылығы мен әр азаматтың ортақ іске қосқан үлесінің құндылығын дәріптеу үшін аса маңызды. Елорда тұрғындары екпе салу науқаны мен шектеу шараларын сақтау кезінде алдыңғы қатарда болуы қажет. Жаппай вакциналау қалыпты тыныс-тіршілікке қайта оралудың, адамдардың денсаулығын сақтаудың жалғыз жолы екенін дұрыс түсінуіміз керек. «Біз біргеміз» ұраны аса қатерлі індетке қарсы күрестегі жеңісіміздің бойтұмары болатынына сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Рәсім барысында жоғары әскери оқу орнының 12 үздік түлегі Қазақстан Президенті – Қазақстан Республикасының Жоғарғы Бас қолбасшысының қолынан офицер погонын алды.

– Оқуларыңыздың сәтті аяқталғаны құтты болсын, жас офицерлер! Офицерлік шен – бұл, ең бірінші, Отан алдындағы зор жауапкершілік. Болашақта командир атанып, жас сарбаздарға тәлім бересіздер. Сондықтан отаншыл, батыл және айбынды болып, үлгі көрсету аса маңызды. Мүлтіксіз қызмет ету – бәріңізге ортақ міндет. Антқа адал болу, Тәуелсіз елімізді қорғау – қастерлі парыз, – деді Мемлекет басшысы.

Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев барлық қатысушыларды келе жатқан Елорда күнімен құттықтап, Отанымыздың өсіп-өркендей беруіне тілектестік білдірді.