Тоқаев шетелдік дипмиссия басшыларын "Самұрық-Қазынамен" тығыз байланысқа шақырды

0
477

Мемлекет басшысы әлемде бұрын-соңды болмаған тұрақсыздық жағдайында Қазақстан теңгерімді, көпжақты және конструктивті сыртқы саясат ұстанатынын айтты.


Тоқаев шетелдік дипмиссия басшыларын

ERNUR.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік дипломатиялық миссиялардың басшыларымен кездесуде 70 миллиард доллар көлемінде активі бар "Самұрық-Қазына" қорымен өзара белсенді іс-әрекет жасауға шақырды. Ол әлемнің отыз ірі тәуелсіз қорының қатарына кіретінін айтты, деп жазады sputnik.kz.

"Қазіргі уақытта қор ашықтық пен тиімділікті арттыру үшін кешенді түрде трансформацияланып жатыр. Осы ретте қордың портфельдік компанияларын жекешелендіру – негізгі бастамалардың бірі. Ұлттық мұнай компаниясы, әуе компаниясы және теміржол компаниясы сияқты қордың ірі активтері жақын уақытта ашық компанияларға айналады. Мұнай саласындағы жетекші "ҚазМұнайГаз" компаниясы биыл күзде Қазақстанда IPO өткізеді", - деді президент.
Мемлекет басшысы әлемде бұрын-соңды болмаған тұрақсыздық жағдайында Қазақстан теңгерімді, көпжақты және конструктивті сыртқы саясат ұстанатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде Қазақстан мен Орталық Азия аймағы барлық мүдделі мемлекеттермен және ұйымдармен өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға ашық әрі дайын екенін атап өтті.
"Орталық Азияның аймақтық және жаһандық деңгейдегі маңызының артуына байланысты C5+ форматы серіктестерімізбен арадағы ынтымақтастықты кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қазір C5+ форматы көптеген елдермен және өңірлік одақтармен, соның ішінде АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея және кейінгі уақытта Қытай, Үндістан, Ресей, Еуропалық Одақпен белсенді ынтымақтастық орнатты", - деді мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Орталық Азия экономикасындағы жетекші ел ретінде Қазақстан өңірлік және жаһандық дамуға, сондай-ақ құрлықтар, мәдениеттер мен ұлттар арасын жақындатуға өз үлесін қоса береді.
"Осыған орай біз әлемдік қауымдастықтың барлық мүшесімен, соның ішінде АСЕАН, Таяу Шығыс, Африка және Америкамен белсенді серіктестігімізді жалғастырамыз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек, президент БҰҰ, АӨСШК, ТМД, ШЫҰ, ТМҰ және басқа да халықаралық және өңірлік ұйымдармен ынтымақтастыққа мүдделі екенін атап өтті.