Үш жасар баланың қаладағы Ораза айт тойланған орынды жинастырып жүрген видеосы желіде тараған еді.
фото: Атырау облысының әкімдігі
ERNUR.KZ. Атыраулық үш жасар Дінмұхаммед Жұмажан мемлекет басшысының алғысына ие болды, деп жазады sputnik.kz.
Облыс әкімі Серік Шәпкенов бүлдіршінмен және оның ата-анасымен жүздесті.
Үш жасар баланың қаладағы Ораза айт тойланған орынды жинастырып жүрген видеосы желіде тараған еді. Бұл әрекеті арқылы ол көпшіліктің ықыласына бөленді.
Серік Шәпкенов Дінмұхаммедтің тәрбиесі мен қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігіне риза болып, алғысын білдірді. Ол сондай-ақ президент әкімшілігінің жетекшісі Айбек Дәдебайдың мемлекет басшысы атынан жолданған хатын табыстады.
"Кейде көп сөздің орнына бір ғана істің өзі жетіп жатады. Дінмұхаммед кішкентай ғана ойын баласы болса да, оның әрекеті көпке ой салды. Ол мұны бөгде біреуден көріп емес, өзінің отбасында тазалық пен тәртіптің мәнін түсініп өсіп келе жатқандықтан жасады. Бұл — тек тәрбиенің емес, нағыз отансүйгіштіктің үлгісі. Өз Отанына шын берілгендіктің белгісі. Кішкентай Дінмұхаммедтің жасағаны — тазалықты әркім өзінен бастауы керек деген үндеу", - деді Шәпкенов.
Дінмұхаммедтің әкесі Ержан Хайрошевтің айтуынша, тұрғындардың бірі ұлын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген.
"Біз өзіміздің ықшам ауданда Ораза айт мейрамын кең көлемде тойладық. Ұлымыздың әрекеті бүкіл елдің ықыласына бөленеді деп ойламадық. Оның тілі кеш шықты, сосын балабақшаға бердік. Сол жақтан үйренгені де бар шығар. Өз отбасымызда да тазалыққа мән береміз, сенбіліктерден қалмаймыз. Мен өз ұлымның елдің патриоты боп ер жеткенін қалаймын", - дейді бүлдіршіннің әкесі Хайрошев.
Кейін облыс әкімі Дінмұхаммедке ескерткіш сыйлықтар тапсырып, ата-анасына алғыс айтты.