Құжат Конституциялық сот шешімдерін орындауға және заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтаруға бағытталған.
Фото: akorda.kz
ERNUR.KZ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық Сот шешімдерін орындау және заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы заңға қол қойды, деп жазады stan.kz.
Мемлекет басшысы “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының шешімдерін орындау және заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Құжат Конституциялық сот шешімдерін орындауға және заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтаруға бағытталған.
Конституциялық сот шешімдерін орындау
- Мемлекеттік қызметкерлерге теңестірілген тұлғалар үшін кәсіпкерлік және өзге де ақылы қызметке жалпы тыйымды алып тастау. Бұл ретте Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, қаржы ұйымдары, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым, ұлттық компаниялардың басқарушы қызметкерлері үшін шектеулер сақталады;
- Кәсіпкерлік қызметке жол берілмейтін нақты негіздерді белгілеу: мүдделер қақтығысы болған жағдайда, қызметтік мүлікті пайдалану немесе лауазымдық міндеттерді орындауға кедергі келтіру;
- Жер пайдалану құқығын заң бойынша, өсиет бойынша да мұраға қалдыру тәртібін нақтылау;
- Алимент өндіру тетіктерін жетілдіру, оның ішінде жеке кәсіпкерлерден және елден тыс жерге кеткен тұлғалардан алимент өндіру;
- Ерлі-зайыптылардың мүлкін бөлуге қатысты талап қою мерзімін есептеу тәсілдерін өзгерту.
Мемлекеттік қызмет
- Коммерциялық ұйымдардағы 5%-ға дейінгі акцияларды сенімгерлік басқаруға беру талабын алып тастау;
- Бағалы қағаздар мен цифрлық активтерге иелік ету мүмкіндіктерін кеңейту;
- Сенімгерлік басқару шарттарын рәсімдеу тәртібін жеңілдету;
- Мемлекеттік қызметкерлердің сенімгерлік басқаруға берілген мүліктен табыс алу құқығын бекіту;
- Коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне қатысу нормаларын нақтылау.
Заңсыз алынған активтерді қайтарудың ашық тетіктері
- Активтерді ерікті түрде қайтару нысандарын кеңейту: мемлекетке беру ғана емес, ұлттық экономикаға инвестиция салу мүмкіндігі;
- Уәкілетті органмен жасалған келісімдер аясында әлеуметтік, инфрақұрылымдық және қайырымдылық жобаларды іске асыру;
- Активтерді қайтару нәтижелері мен оларды қоғам мүддесіне пайдалану туралы жария түрде ақпарат беру талаптарын енгізу.


