Төрт жыл тым ұзақ: Қазақстанда жоғары оқу орындарында оқу мерзімі қысқарады

0
181

Оқу мерзімі қысқартылған қолданбалы бакалавриаттың пилоттық жобасы туралы идея жаңа емес - бұл туралы алғаш рет 2022 жылы хабарланған болатын.


Төрт жыл тым ұзақ: Қазақстанда жоғары оқу орындарында оқу мерзімі қысқарады

Фото: depositphotos.com

ERNUR.KZ. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқу мерзімі қысқара беретінін, ал жоғары білім беруде жаңа икемді және гибридті форматтар енгізілетінін мәлімдеді. Бұл туралы ол бүгін Үкіметте өткен брифингте айтты, деп жазады tengrinews.kz.

Журналистер министрден технологиялардың қазіргі даму қарқынын ескерсек, дәстүрлі 4-5 жылдық оқу мерзімі тым ұзақ емес пе деп сұрады.

"2022 жылдың өзінде біз бір маңызды істі атқардық - мемлекеттік білім беру стандартын өзгерттік. Қазір мазмұнның 92 пайызына дейін жоғары оқу орындары өздері айқындай алады, өзгерте алады, оның ішінде оқу ұзақтығы да бар", - деді Нұрбек.

Министр мысал ретінде Нархоз университетіндегі пилоттық жобаны келтірді. Оның айтуынша, мұнда бакалавриатта оқу мерзімі 2,5–3 жылға дейін қысқартылған.

"Университет оқу мерзімдерімен де біртіндеп "жұмыс істей" бастады, төрт жыл оқу тым ұзақ болатын белгілі бір мамандықтар бойынша эксперимент жасап жатыр, өйткені ЖИ (жасанды интеллект) саласында мазмұн шынымен де өте тез өзгереді", - деп түсіндірді ол.

Шенеуніктің айтуынша, үкіметке колледждер мен жоғары оқу орындарын біріктіретін оқудың қысқартылған түрі - қолданбалы бакалавриатты енгізу туралы ұсыныс та енгізілген:

"Біз қазір жоғары колледждермен де осындай пилоттық форматты іске қосамыз, сонда бала мектептен кейін колледжге түсіп, қолданбалы форматта өте тар бағыттағы мамандық алып шығады, бірақ бұл қазірдің өзінде бакалавриат деңгейі болады".

Болашақта оқу мерзімін қысқарту туралы айта келе, министр бұл процестің жалғасатынын нақтылады.

"Оқу мерзімдері қысқарады, жаңа, анағұрлым икемді, гибридті форматтар пайда болады - біз бұл үшін нормативтік базаны дайындап қойдық. Пилоттық жобаларды сынақтан өткіздік, негізінен, жұмыс істеп тұр", - деп түйіндеді ол.

Оқу мерзімі қысқартылған қолданбалы бакалавриаттың пилоттық жобасы туралы идея жаңа емес - бұл туралы алғаш рет 2022 жылы хабарланған болатын. Ол кезде бұрынғы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстанда оқу мерзімі 2,5 жыл болатын қолданбалы бакалавриаттың пилоттық жобасы басталатынын жариялаған еді.