Арқалық қаласының туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Дәмеш Қосмұхамбетова мекеме қаражатының 565 мың теңгесін қолды қылғаны үшін жауапқа тартылды
ERNUR.KZ. Арқалық қаласының туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Дәмеш Қосмұхамбетова мекеме қаражатының 565 мың теңгесін қолды қылғаны үшін жауапқа тартылды, деп жазады ҚазАқпарат.
«Қостанай облысында Арқалық аймақтық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері, облыстық мәслихаттың депутаты Дәмеш Қосмұхамбетова сотталып, оған 5,6 млн теңге айыппұл салынды», - деді бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қоғаммен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин.
Ол 2013-2017 жыл аралығында өзінің қызмет бабын пайдаланып, жалпы сомасы 565 мың теңгені жымқырып, өз пайдасына жаратқан. Ал Атырау облыстық мәслихатының тағы бір депутаты да осындай қылмысқа қатысты қазіргі таңда күдікті ретінде тергеуге тартылған.
«Атырау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро департаменті «Атырау ақпарат» ЖШС басшысын ұстады. Бұл ЖШС-ның жалғыз құрылтайшысы - Атырау облысының әкімдігі болған. Атырау облыстық мәслихатының депутаты делдалдар арқылы адам тобымен мемлекеттік сатып алу келісімін тезірек бекіту үшін мердігер ұйымдардан ірі көлемде пара алды деген күдікке ілініп отыр», - дейді Арман Бердалин.