Жарты жыл сайын тоңазытқышты тоқтан ажыратып, орнынан қозғалтып, 180 градусқа бұрып, артындағы шаңды дымқыл матамен сүрту керек.
ERNUR.KZ. Түнгі сағат 2:00 кезінде Питерских-Коммунаров көшесіндегі көп қабатты үйдің төртінші қабатындағы пәтерде тоңазытқыш өртеніп кетті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі ШҚО ТЖД-ға сілтеме жасап.
Алдын ала болжам бойынша, тоңазытқыш апатты режимде болған.
Өскемен қалалық төтенше жағдайлар басқармасының мемлекеттік өртке қарсы бақылау департаменті мамандарының айтуынша, өрт тудыру қаупі жоғары тұрмыстық техникалардың бірі – тоңазытқыш.
Тоңазытқыш бір қарағанда ең сенімді, әрі ең қауіпсіз техника болып көрінеді. Ол үйдің бір бұрышында ондаған жылдар бойы жұмыс істеп тұра береді. Шын мәнінде тоңазытқыштың компрессоры күні бойы бір өшіп, бір қосылып тұратындықтан, ол өте қауіпті болып саналады.
Жарты жыл сайын тоңазытқышты тоқтан ажыратып, орнынан қозғалтып, 180 градусқа бұрып, артындағы шаңды дымқыл матамен сүрту керек. Егер алыс жолға шығатын болсаңыз, тоңазытқышты тоқтан ажыратып кетуді ұмытпаңыз.