Тұрғындарды қорқытып шөбін өртеп жүрген қаскөйді табу үшін дрон ұшырылды

0
3 329

«Ауласында шөбі бар адамдар 50 мың теңге дайындасын, карта нөмірін хабарлаймыз» деп хат қалдырған шөп өртегіш.


Тұрғындарды қорқытып шөбін өртеп жүрген қаскөйді табу үшін дрон ұшырылды

ERNUR.KZ. Ақтөбеде Қосестек ауылы тұрғындарының қорадағы шөбі өртеніп жатыр. Қазір полиция тергеуді бастап, дрон да ұшырылды, деп жазады аktobenews.kz.

Ақтөбе облысы Қарғалы ауданы Қосестек ауылының тұрғындары күні-түні ауладағы шөбін күзетіп жүр. Күзде сатып алған шөбінен бір күнде айырылған тұрғындар шығынды кім өтейтінін білмейді.

«Шөп өртеніп кетіп, мал ұстаудан бас тартып отырмын. Мал бағып, күн көріп отырғанымызды бәрі біледі. Сонда өртеген адамда ұят жоқ па, қорықпай ма?» — деді ауыл тұрғыны Гүлнар Алманова.

Қосестек ауылындағы 7 үйдің шөбі күлге айналған. Күзет күшейгенде айласын асыра алмаған күдікті хат жазып, кезектің келетінін қалдырған.

«Руслан, бүгін сенің жолың болды. Кезек сенде» деп жазып кеткен. Сосын «Ауласында шөбі бар адамдар 50 мың теңге дайындасын, карта нөмірін хабарлаймыз» деген жазбасы да бар», — дейді ауыл тұрғыны Назия Жұмабаева.

Тұрғындар қаскөйлердің алыстан келмегеніне, ауыл арасында жүргеніне сенімді. Қазір оқиға орнында полиция қызметкерлері жүр. Тергеу жалғасып жатыр.

«Аудандық полиция бөліміне хабар беріп, қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр. Тіпті, дрон ұшырылды», — дейді Қарғалы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ержан Есенбаев.

Айта кетейік, ауылда күні-түні кезекшілік қойылды. 700-ден астам үйі бар ауыл халқы ит ұстап, түнгі ұйқыдан айырылды.