Turkistan Marathon-да рекорд тіркелді

0
15

Жалпы марафонға 3 000 адам қатысты.


Turkistan Marathon-да рекорд тіркелді

Turkistan Marathon шетелдік қатысушылар саны бойынша рекорд орнатты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«Бірінші болу - батылдық» корпоративтік қоры ұйымдастырған дәстүрлі Turkistan Marathon жарысына 20 елден келген шамамен 400 желаяқ қатысты. Шетелдік қатысушылар саны бір жыл ішінде 1,5 есеге артты. Жалпы марафонға 3 000 адам қатысты.


Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен төртінші Turkistan Marathon өтті. 3 000 қатысушы түркі әлемінің рухани астанасы саналатын Түркістан қаласының көшелерімен жүгіріп өтті. Биыл марафонға 365 шетелдік қатысушы қосылды – бұл жалпы қатысушылардың 12%-ынан астамын құрайды.


Қатысушылардың көпшілігі Қазақстан қалаларынан келді (2094 адам). Олардың арасында ең жасы үлкен қатысушы — Щучинск қаласынан келген 91 жастағы Салиха Зигангерова болды.


Ең көп өкілдік еткен елдер қатарында көршілес Қырғызстан (147), Өзбекстан (109) және Ресей (72) бар. Сондай-ақ марафонға Азия және Тынық мұхиты өңірлерінен (12), Еуропадан (16), Солтүстік және Латын Америкасынан (4), Африкадан (3) және Таяу Шығыстан (2) спортшылар келді.


Қатысушылар 42,2 шақырым, 21,1 шақырым, 10 шақырым, 10 шақырым скандинавиялық жүріс және 3 шақырым (10-14 жас аралығындағы балалар үшін) қашықтықтарында жүгірді. Нәтижелер World Athletics және AIMS (Халықаралық марафондар және жарыстар қауымдастығы) сертификаттары арқылы халықаралық деңгейде мойындалады.


Биыл жарыс жолында бірден үш рекорд тіркелді.. Андрей Петров марафон қашықтығын 2 сағат 16 минут 58 секундта жүгіріп өтті. Әйелдер арасында 42,2 шақырым рекордын Екатерина Тунгускова орнатты – 2 сағат 40 минут 45 секунд. Ал Алишер Ахматалиев 10 шақырым қашықтықты 30 минут 31 секундта еңсерді.


Жыл басында Turkistan Marathon түркі елдерінің алғашқы ұзақ қашықтықтағы жүгіру сериясы – Turkic Alliance of Long Runs (TAN) альянсына қосылды. Альянстың 35 марафоншысы Түркістанда жүгіріп, түркі әлемі бойынша өздерінің жүгіру сапарын жалғастыруда. TAN аясындағы бес жарысты аяқтаған спортшылар ерекше медаль мен ұмытылмас әсерге ие болады.


«TAN сериясы түркі халықтарының бірлігін білдіреді. Біз үшін ерекше мәнге ие, өйткені дәл түркі әлемінің рухани астанасында өтетін Turkistan Marathon осы қозғалыстың бөлігіне айналды. Бұл марафон адамдарды біріктіріп, жаңа қалаларды ашуға, мәдениетпен танысуға және өңірдің спорт орталығы әрі желаяқтар тарту нүктесі ретіндегі мәртебесін нығайтуға шабыт береді», – деді «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ғалымжан Есенов. Шара Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен өтті.

Бөлісу