Қазақстандық Түркияға 26 қыркүйек күні ұшып барып, бір тәулік әуежайда болған
фото: ашық дереккөзден
ERNUR.KZ. Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Айбек Смадияров Түркияда қаза болған Қазақстан азаматына қатысты ресми ақпарат берді, деп жазады Sputnik.
"27 қыркүйек күні жергілікті уақыт бойынша сағат 19:00-де Ататүрік атындағы Стамбұл қаласының халықаралық әуежайында 1981 жылы туған Қазақстан азаматы әкімшілік ғимараттың екінші қабатынан секіріп кетіп, өз-өзіне қол жұмсады", — деді ол.
Смадияровтың айтуынша, ол Түркия Республикасына 26 қыркүйек күні ұшып барып, бір тәулік әуежайда болған.
"Оқиға орнына келген түрік дәрігерлері біздің азаматымызды ажалдан арашалап қала алмаған. Марқұм ауыр жарақат алған", — деп түйіндеді баспасөз қызметінің жетекшісі.
Бұған дейін 37 жастағы Қазақстан азаматы суицид жасағанын жазған едік. Түркия бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, марқұм ауруханаға барар жолда көз жұмған.
Еске сала кетейік, кеше қазақстандық азамат Стамбул әуежайының екінші қабатынан секіріп суицид жасаған.