Ұлттық Құрылтайда президент сайлауына қатысты маңызды ұсыныс көтерілді

0
111

Президенттің сөзінше, кәсіби заңгерлер Конституция мәтініне қатысты өз пікірлерін білдіріп, кейбір тұстарын нақтылау қажеттігіне назар аударған.


Ұлттық Құрылтайда президент сайлауына қатысты маңызды ұсыныс көтерілді

Фото: gov.kz

ERNUR.KZ. 2026 жылғы 20 қаңтарда өткен V Ұлттық Құрылтай отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысын кезектен тыс сайлау тәртібіне өзгеріс енгізу қажеттігін айтты, деп жазады zakon.kz.

Президенттің сөзінше, кәсіби заңгерлер Конституция мәтініне қатысты өз пікірлерін білдіріп, кейбір тұстарын нақтылау қажеттігіне назар аударған.

"Атап айтқанда, мемлекет басшысын сайлау мәселесі бойынша маңызды ұсыныс бар. Қолданыстағы Конституцияға сәйкес, президент өз міндетін атқара алмайтындай төтенше жағдай туындаса, оның өкілеттігі қалған мерзімге Сенат төрағасына беріледі. Ал Сенат төрағасы мемлекетті басқаруға қабілетсіз болған жағдайда, президент өкілеттігі белгіленген тәртіпке сәйкес тиісті лауазым иелеріне өтеді. Бұл жерде мәселенің түйіні – "қалған мерзім" деген сөз тіркесіне келіп тіреледі. Басқаша айтқанда, "қалған мерзім" 6 айға да, 6 жылға да созылуы мүмкін. Сондықтан Мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметтен кеткен жағдайда, екі айдың ішінде кезектен тыс Президент сайлауы өтуі тиіс

Мемлекет басшысының айтуынша, бұл қадам халықаралық озық тәжірибеге толық сәйкес келеді.

"Еліміздің кез келген басшысы билікке сайлау арқылы, яғни заңды жолмен келуі керек. Бұл – мен үшін мызғымас ұстаным. Бұл норма болашақ мемлекет басшылары үшін де ешқашан өзгермейтін қағида болуы тиіс", – деп түйіндеді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда вице-президент лауазымын енгізіп, оны Конституцияда бекіту туралы ұсыныс айтты.