ҰЛТТЫҚ ЖОБА: Қарағанды облысында баламалы энергия үлесі артты

0
246

Қазіргі таңда өңірде 5 күн электр станциясы, 2 биогаз қондырғысы мен шағын ГЭС жұмыс істейді.


ҰЛТТЫҚ ЖОБА: Қарағанды облысында баламалы энергия үлесі артты

Бүкіл әлемді алаңдатып отырған экологиялық мәселелер біздің елімізде де жетерлік. Бүгінгі таңда экологиялық ахуалды жақсарту біз үшін ең өзекті тақырып болып отыр. Аталған мәселені шешу мақсатында бірқатар жобалар іске асырылуда. Соның бірі 2021 жылы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің жетекшілігімен қолға алынған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы. Ұлттық жоба 2021-2025 жылдар аралығын қамтиды. Жобаны іске асыру үшін қажетті қаржыландыру көлемі 1 413 126,354 миллион теңгені құрайды. «Жасыл Қазақстан» жобасы 4 негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Оның ішінде 10-нан астам міндеттер қарастырылған.

Ұлттық жоба шеңберінде еліміз бойынша экологиялық жағдайы нашар өңірлерге басымдық берілген. Ол тізімде "Сырдария өзені арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау" мәселелері бар. Сондай-ақ, Балқаш көлінің бассейнінде орналасқан өзендердің су көлемі мен өткізу қабілетін ұлғайту шаралары жүктелген.
Одан бөлек, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар түрлері мен ихтиофаунаның санын ұлғайту шаралары да жоспарға енгізілген. Жоба аясында жасыл екпелер алаңын ұлғайту мәселесіне де баса мән беріледі.
Статистикалық деректерге сүйенсек, еліміз бойынша ең лас атмосфера Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарында тіркелген. Осы тұста ұлттық жоба бойынша Қарағанды облысында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсақ.
Қарағанды облысында кәсіпорындардың көптігі түрлі экологиялық күрделі мәселелерге әкеп соғуда. Оның ішінде кәсіпорындардың атмосфералық ауаға және су объектілеріне тигізетін зиянды әсері баршамызға мәлім.
Осы тұста ұлттық жобада бекітілген жоспарға сәйкес, өңірдегі өнеркәсіптік қалалардың айналасында жасыл белдеу құру шаралары жоспарлануда.
Сондай-ақ, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ және «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС кәсіпорындарына Балқаш көлін, Қара Кеңгір, Соқыр өзендерін және облыстың басқа су айдындарын ластамау бойынша түрлі шаралар ұсынылуда. Одан бөлек, кәсіпорын шығарындыларын азайту, қалдықтарды өңдеу көлемін арттыру шаралары да қолға алынған.
Сонымен қатар, Қарағанды облысы баламалы энергия үлесін арттыруда. Қазіргі таңда өңірде 5 күн электр станциясы, 2 биогаз қондырғысы мен шағын ГЭС жұмыс істейді. «Жасыл» энергетиканың жалпы қуаты 200 мегаваттан асты. Бүгінде облыс аумағында жаңартылатын және баламалы энергетиканың жаңа көздерін белсенді түрде салу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, Балқаш маңында 100 МВт күн электр станциясы салынуда. Ал, Саран қаласында 100 МВт және одан жоғары жинақтауыштары бар гибридті күн станциясының құрылысы жоспарлануда. Бұдан басқа, облыста биогаз станциялары мен шағын су электр станциясы жұмыс істейді.
Ұлттық жобаның «Таза Қазақстан» атты бірінші бағыты бойынша Қарағанды облысында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Атап айтар болсақ, өңірде экология саласы бойынша оқушылар мен педагогтардың жобалау-зерттеу жұмыстарының байқауы өткізілді.
Ұлттық жобаны қолдау мақсатында ұйымдастырылған шараға Қарағанды облысының мұғалімдері мен мектеп оқушылары қатысты. Байқауға қатысуға 130-ға өтініш түскен.
Қатысушылар қоқысты қайта өңдеу, жаңа технологияларды қолдану арқылы қоршаған ортаның ластануын шешу жолдары бойынша өз жобаларын ұсынды.
Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі 1 орынға жануарларды қорғау жобасын ұсынған Әл-Фараби атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Арыстан Сариев ие болды.
Әділқазылардың шешімімен 20 адам жүлделі орындарды иеленді. Байқау жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табысталды. Ал, жеңімпаз мұғалімдерге арнайы сертификаттар берілді.
Сондай-ақ, Қарағандыда қоршаған ортаны қорғау және тұрақты даму мәселелері бойынша «Жасыл кеңес» құрылды.
Аталған жоба табиғат қорғау қызметіндегі басымдықтарды айқындау, өңір экономикасының экологиялық қауіпсіз дамуына жағдай жасау жөніндегі шараларды қамту мақсатында құрылған. Ал, Жасыл кеңестің құрамында мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, бизнес және ғылым өкілдері бар.
Өткен жылы өткен алғашқы ұйымдастырушылық отырыста жасыл кеңестің ережесі қаралып, 2023 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.
Ұлттық жобаның негізгі міндеттерінің қатарында халықтың экологиялық білімі мен мәдениеті деңгейін арттыру мәселесіне басымдық берілген. Осы аталған бағыт бойынша Қарағанды облысында түрлі іс-шаралар жүзеге асырылуда. Тарқатып айтар болсақ, Қарағанды облысы білім басқармасына қарасты Шахтинск қаласының білім бөлімінің қолдауымен мектеп оқушыларының арасында экологиялық квест-ойыны өткізілді.
Эко-квест 9 кезеңнен тұрды:
«Тергеуді сараптама жүргізеді»;
«Қоқыс жәшігін толтыру»;
«Зерттеу»;
«Қалдықтарды сұрыптау»;
«Қалдықтарды кәдеге жарату»;
«Қоқыстың ыдырау уақыты»;
«Қайта өңдеу»;
«Төтенше жағдай»;
«Парақша».
Іс-шара барысында өңірдегі экологиялық мәселелерді шешу бойынша маңызды тақырыптар қозғалды. Экоквестке қатысушылар да аталған мәселе бойынша өз ойларын ортаға салды.
Қорытындылай келе, ұлттық жоба басталғалы өңірлердегі экологиялық ахуал біршама жақсарғанын айта аламыз. Өз кезегінде «Жасыл Қазақстан» жобасы Қарағанды облысындағы негізгі экологиялық проблемаларды шешуге ықпал етеді деген сенім мол.

ERNUR.KZ.