Ұлттық жоба: Өңірлерде көгалдандыру шаралары қарқынды жүргізіліп жатыр

0
755

Ұлттық жобаның «Табиғат» бағыты аясында ұласып өсуі кемінде 65 пайызды құрайтын 2 миллиард ағаш отырғызу жоспары бекітілген.


Ұлттық жоба: Өңірлерде көгалдандыру шаралары қарқынды жүргізіліп жатыр

Соңғы жылдары елімізде экология мәселесі күрделеніп барады. Сәйкесінше, өңірлер бойынша экологиялық ахуал күн санап төмендеуде. Былай алғанда, елімізде экология сапасының нашарлауына әсер ететін факторлар көп. Ол тізімнің ең басында кәсіпорындар мен көліктердің көбеюі тұр. Ал, екінші кезекте қатты тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстар үлкен залалын тигізуде.

Осы аталған мәселелерді шешу мақсатында елімізде түрлі жобалар қолға алынуда. Соның бірі 2021 жылы қолға алынған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы. Аталмыш жоба өңірлердегі ең маңызды экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған. Ал, жалпы жобаның өзі 4 негізгі бағытты қамтиды. 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаны іске асыру халық үшін қолайлы өмір сүру ортасын құру және экологиялық жағдайды жақсарту, қалдықтарды өңдеу және оларды пайдаланудың экологиялық қауіпсіздігі инфрақұрылымын құру, көлдердің суы сапасын жақсарту, сондай-ақ суару кезіндегі ысырапты азайту мүмкіндігін беретін болады.
Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірлерінде бекітілген жоспар бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Сәйкесінше, жоба басталғалы облыстардағы біршама экологиялық мәселелер өз шешімін тапты.

Осы тұста еліміздің бас қаласы Астана мен Алматы облысының экологиялық ахуалына көз жүгіртейік.
"Астана - 1997 жылғы 10 желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасының елордасы. Қала мәртебесін 1862 жылғы 26 қыркүйекте алды. 2023 жылғы 1 қаңтар жағдайы бойынша қала тұрғындар саны 1 354 435 адам, бұл Алматыдан кейінгі Қазақстандағы екінші көрсеткіш. Қала Қазақстанның орталық бөлігінің солтүстігінде Ақмола облысында, Есіл өзенінің алабындағы өзен маңы жазықтығында орналасқан. Миллионер қаласы мәртебесіне 2017 жылдың маусымында қол жеткізілді, ол кезде тұрғындар саны 1 002 874 тұрғын болды. Астана елдің солтүстігінде Есіл өзенінің жағасында орналасқан. Әкімшілік жағынан қала 4 ауданға бөлінген".
Қазіргі таңда еліміздің бас қаласында жоба аясында бекітілген жоспар бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Тарқатып айтар болсақ, қала аумағында экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған шаралар кезең-кезеңімен іске асырылуда. Оның ішінде көгалдандыру мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр.
Жалпы экологиялық ахуалды жақсартуда көгалдандырудың пайдасы орасан зор екені белгілі. Ұлттық жобада бұл мәселе де назардан тыс қалмаған.
Атап айтсақ, жобаның «Табиғат» бағыты аясында ұласып өсуі кемінде 65 пайызды құрайтын 2 миллиард ағаш отырғызу жоспарланған.
Бүгінде Астана қаласындағы ағаштардың жалпы саны 369 мыңнан асады. Ал, қалада ағаштардың ұласып өсу деңгейі шамамен 92 пайызды құрайды. Аталған көрсеткіш жаңа құрылыс нысандарының аумақтарын көгалдандырудың нәтижесінде жыл сайын артып отырады.
Атап айтсақ, 1999-2004 жылдар аралығында қала аумағында сүйелді қайың, ұсақ жапырақты шегіршін, ірі жапырақты шегіршін, кәдімгі қарағай, көде боз жиде, қазақстандық терек, алтын қарақат, ақ көріктал, бессея шиесі, татар бөріжидегі сынды жапырақты ағаштар егілді.
Ал, 2012-2016 жылдары 1,8 миллион жуық жабық тамыр жүйесімен 1 323,5 га жерге көшет, 452,1 га көп жылғы шөптер отырғызылды.
Бұл бағытта қала аумағында экологиялық сенбіліктер өткізіліп тұрады. Мысалы 2016 жылы өткен жалпықалалық экологиялық сенбілікте қосымша 16 303 көшет отырғызылды.
Ал, Астананың айналасындағы жасыл белдеудің жалпы ауданы 14,8 га құрайды. Қазіргі уақытта онда 11,5 миллионнан артық ағаш пен бұта өсіп жатыр.

Ұлттық жобаның «Табиғат» бағыты» шеңберінде сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлардың санын қалпына келтіру шаралары көзделіп отыр.
Бүгінде Астанадағы жасыл белдеу аумағында қоян, түлкі, қарсақ, шіл мен қырғауыл мекендейді. 6 жылдың ішінде 8 мыңнан астам қырғауыл өсірілді. Аң-құстарды одан әрі көбейту және дамыту мақсатында жасыл белдеу аумағына 6 мыңнан астам аң-құс жіберілген. Қазіргі кезде вольерде 200-ден астам аналық құс пен 2 мыңға жуық балапан бар.
Одан бөлек, Астананың барлық ауданында тұрғындардың бос уақытын жайлы әрі денсаулығына пайдалы күйде өткізу мақсатында аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, қала аумағында жиі жалпықалалық сенбіліктер ұйымдастырылып тұрады. Өз кезегінде мұндай шаралардың табиғатқа тигізер пайдасы орасан зор.
Тарқатып айтар болсақ, сәуір айында өткен «Жасыл Астана» эко-айлығы аясында белсенділер елорданың 5 ауданына сегіз мыңға жуық жасыл желек отырғызды. Ал, жалпы сенбіліктің өзіне қала тұрғындары, еңбек ұжымдары, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бизнес өкілдерінен құралған 62 мыңнан астам адам қатысты.
Сондай-ақ, сенбілік барысында елордадан мың тоннадан астам қоқыс шығарылып, қаланың 3,3 миллион шаршы метрден астам жері тазартылды
Сонымен қатар, күн райының жылынуымен көгалдандыру маусымы басталды. Осы уақыт ішінде қаланың барлық ауданында 3,5 мыңнан астам ағаш пен бұта отырғызылды. Ағаш отырғызу барысында жапырақты ағаш түрлеріне басымдық берілді.
Ал, «Жасыл Астана» эко-айлығы аясында 800 тоннадан астам қалдық шығарылып, жалпы ауданы 4 миллион шаршы метр болатын саябақтар мен скверлерді тазалау жұмыстары жүргізілді. Экологиялық акцияға 15 мыңға жуық адам қатысты.

Ұлттық жобаның негізгі міндеттерінің қатарында су объектілерінің экожүйесін сақтау мәселесі де бар. Бұл ретте Сырдария өзені арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Балқаш көлінің бассейнінде орналасқан өзендердің су көлемі мен өткізу қабілетін ұлғайту шаралары қарастырылған.
«Суды үнемді пайдалану арқылы өнімділікті арттыру» міндеті аясында 401 арнаны реконструкциялау және 212 арнаны цифрландыру есебінен суару кезіндегі су ысырабын 4 текше шақырымға азайту жоспарланған. Ұлттық жобада суарылатын жерлерді 600 мың гектарға ұлғайту шаралары қарастырылған. Қосымша суару көздерін құру үшін 2025 жылға дейін Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында су жинау көлемі 1,7 текше шақарымды құрайтын 9 жаңа су қоймасын салу көзделіп отыр», - делінген ұлттық жобаның төлқұжатында.
Ал, елорданың су нысандарының экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында «Астана қаласында Есіл және Ақбұлақ өзендерін биологиялық оңалту пилоттық жобасы іске қосылды.
Бұл жоба су қоймасының экожүйесін қалпына келтіру және биологиялық мелиорация әдісімен антропогендік жүктемені азайту мақсатында қолға алынды. Пилоттық жоба аясында суға екі мың литрге жуық хлорелла суспензиясы төгілді.
Аталған әдіс қопсытқыш қондырғыда өсірілген «хлорелла» бір жасушалы жасыл балдырлардың штамдарын қолдануды қамтиды. Ал, суспензия – балдырларға арналған қоректік орта. Ол қанық жасыл түске және судың физикалық қасиеттеріне ие.
Өз кезегінде су қоймаларын улы заттардан тазартуда және балдырлармен эвтрофикациялауда балдырлар суспензиясын қолдану әдісі су қоймасына концентрацияланған суспензияны енгізуден тұрады.
Нәтижесінде тазарту және оңалту кезінде су қоймасының экологиялық жағдайы жақсарады деп күтілуде. Атап айтсақ,
- су айдынының физика-химиялық көрсеткіштерін жақсарту;
- суда еріген оттегінің концентрациясының жоғарылауы;
- су қоймасының гидробиологиялық көрсеткіштерін жақсарту, зоопланктон мен зообентос саны мен биомассасының өсуі;
- ихтиофаунаның көбеюі.
Аталмыш іс-шараға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Астана қаласы әкімдігінің, Экология департаментінің, Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Есіл бассейндік инспекциясының, «Қазсушар» РМК, «Бұқтырма уылдырық шашу-өсу шаруашылығы» ЖШС өкілдері, студенттер мен еріктілер белсенді қатысты.

Келесі кезекте Алматы облысында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталайық.

"Алматы облысы — Қазақстан Республикасының оңтүстік-шығысындағы әкімшілік бөлігі. Жерінің аумағы 105,3 мың км2. Облыс аумағында 9 аудан және 1 облыстық бағыныстағы қала Қонаев бар".

Қазіргі таңда Алматы облысында қалдықтарды басқару өзекті мәселеге айналып отыр. Оның ішінде қалдықтарды жою мәселесі негізгі міндеттердің бірі.
Ұлттық жобаның ең бірінші бағыты да осы тақырыпқа бағытталған. Атап айтсақ, «Таза Қазақстан» бағыты шеңберінде атмосфералық ауаның сапасын жақсарту, қалдықтарды басқару және еліміздің су объектілерінің экожүйелерін сақтау мәселелері қарастырылған
«Бұл бағыт аясында 5 жылдың ішінде 16 ірі өнеркәсіптік кәсіпорында шығарындыларды 20 пайызға төмендету жоспарланып отыр. Қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлектеп жинауға арналған 8 мыңнан астам контейнер орнату, сондай-ақ олардың үлесі мен кәдеге жаратылуын 18%-дан 34% -ға дейін ұлғайту жоспарланған», - делінген жоба төлқұжатында.
Осы мақсатта өткен жылы Алматы әкімдігі EN Social компаниясымен бірлесіп «Жасыл мектеп» пилоттық жобасын іске қосты. Жалпы жобаға барлығы 11 мектеп қатысты. Аталған жоба мектептер ішінде эко-рейнджерлер тобын құруға бағытталған. Жоба аясында білім беру нысандарында қалдықтарды бөлек жинау жүзеге асырылады. Сондай-ақ, түрлі экологиялық тренингтер, заттар мен кітаптар алмасу бойынша эко-фестивальдар ұйымдастырылады. Одан бөлек, оқушылар құстарға жем салғыштар жасайды.
Жоба қорытындысы бойынша қалалық мектептер қайта өңдеуге 1,5 тонна қалдық тапсырды. Алдағы уақытта да барлық пайдаланылған мектеп және жұмыс дәптерлерін, контурлық карталарды, күнделіктерді және т.б. жинап, оларды қайта өңдеуге беру жоспарлануда. Өз кезегінде бұл акция қалада қалдықтарды қайта өңдеуге тапсыру мәселесін шешуге ықал етеді. Әрі оқушылар арасында экологиялық мәдениет қалыптастыруға өз септігін тигізері анық.

Бүгінде Алматы облысында тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған түрлі шаралар іске асырылуда.
Соның бірі көпқабатты үйлердің ауласы мен қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыруға бағытталған «Жасыл аула» акциясы. Акция барысында қаланы көгалдандыруға ниетті тұрғындар шегіршін, сәнағаш, шаған мен қайыңның көшеттерін тегін ала алады. Ал, акцияға қатысушылар отырғызылған ағаштарды алдағы 3 жыл бойы күтіп-баптау туралы келісім шартқа қол қояды. Бір адамға 20 көшеттен артық берілмейді. Аталған акцияға барлығы 200-ге жуық өтінім түскен. Оның ішінде 150-ге жуық өтінім мақұлданды.
Ал, жалпы Алматы қаласының аумағында декоративті гүлдермен көгалдандыру көлемі 2023 жылы шамамен 185 мың шаршы метрді құрайды. Оның 50 мың шаршы метрден астамы жылдық, 100 мың шаршы метрі көпжылдық және шамамен 32 мың шаршы метр газон. Өткен жылдың күзгі кезеңінде жалпы ауданы 15 469 шаршы метрге баданалы гүлдер отырғызылды. Сондай-ақ, көпжылдық гүлзарларға кезең-кезеңімен көшу жұмыстары жүргізілуде. Биыл бұл көрсеткішті 60 пайызға жеткізу жоспарлануда.
Алматы қаласын декороативті гүлдермен көгалдандыру 5 жылда бір рет жаңартылады. Отырғызылатын гүлдер белгіленген үлгі бойынша таңдалады. Қазіргі уақытта Алматыда коламбус, абба, династия, раушан, эхинацея, күндізгі гүл, лаванда, шалфей, мискантус, гортензия, бегония, петунья, герань, таггетис, сальвия гүлдер отырғызылуда.
Ұлттық жобаның «Табиғат» бағыты аясында ұласып өсуі кемінде 65 пайызды құрайтын 2 миллиард ағаш отырғызу жоспары бекітілген. Бұл бағыттағы жұмыстарды Экология және қоршаған орта басқармасы жүзеге асыруда.
Сонымен қатар, қалада көпжылдық өсімдіктер үлесін 17 пайыздан 60%-ға дейін ұлғайту жоспарлануда. Ал, биыл көпжылдық өсімдіктердің жалпы көлемі 50 пайыздан асты.
Жалпы өңірде көгалдандырудың контейнерлік тәсілі қолданылады. Яғни қалыптарда өсірілген гүлдер дайындалған гүлзарлар мен гүл құмыраларына отырғызылады. Ал, егілетін гүлдер құрғақшылыққа және қаланың күрделі климаттық жағдайына төзімділігіне қарап таңдалған. Ал, жалпы көшелер мен түрлі аумақтар тігінен көгалдандырылады.
Сондай-ақ, Алматыда автобус аялдамасын және Шығыс айналма автомобиль жолының учаскесін безендіруде тестілік режимде тігінен көгалдандыру әдісі қолданылды.
Ландшафт дизайнерлері Достық даңғылындағы аялдаманы безендіру кезінде бұталы қарапайым өсімдіктің 160 гүлін колеусты қолданды. Ал, Шығыс айналма жолындағы тіреу қабырғаларының бірін безендіру үшін 3500-ге жуық сары және қызғылт сары түсті тагетес гүлдері қолданылды.
Өз кезегінде тігінен көгалдандыру кеңістікті үнемдеп қана қоймай, қалаға эстетикалық көрініс береді. Жалпы біржылдық және көпжылдық өсімдіктер сәуір-мамыр айларында отырғызылады. Ал, оларды күтіп-баптау жұмыстары маусым айынан бастап қыркүйекке дейін жалғасады.
Одан бөлек, ағаштардың қалыпты жағдайын сақтау және зиянкестерге төзімділігін арттыру мақсатында қаланың жасыл желегін биологиялық өңдеу жұмыстары жүргізілуде.
Оның ішінде 2-3 миллионнан астам ағашты жапырақ кеміргіш және зең ауруларын қоздырғыш зиянкестерге қарсы өңдеу жұмыстарымен қамту жоспарланған. Зиянкестер мен аурулардың биологиялық ерекшеліктеріне қарай өңдеу жұмыстары түнде және таңғы уақытта жүзеге асырылады.
Биылдан бастап зиянкестерге өңдеуден кейінгі әсерді күшейту үшін бірінші кезеңде емендер төрт рет, теректер екі реттен өңделетін болады. Бұған дейін олар тек бір рет қана өңделетін. Нәтижесінде өңдеу реттілігінің аздығы тиімсіз екені дәлелденіп, ағаштарды сақтап қалуға мүмкіндік бермейтіні анықталды.
Аталған шараларды жүзеге асыру кезінде тұрғындардың қауіпсіздігі ескеріледі. Сондай-ақ, құстар мен жануарлар және климаттық ерекшеліктерді ескере отырып ҚР аумағында қолдануға рұқсат етілген сертификатталған қауіптілігі төмен классқа жататын биологиялық және кейбір кездерде химиялық препараттар қолданылады.
Сонымен қоса, алғаш рет суару жүйесін ұйымдастыру, жасыл желектерді зиянкестер мен аурулардан биологиялық өңдеу, объектілерден ағаштарға дейінгі ең аз арақашықтықты сақтау, ағаштарды санитарлық және қалыптап кесу жүргізу, аумақтарды салу немесе реконструкциялау туралы шешімдер қабылдау кезінде міндетті түрде қоғамдық тыңдаулар өткізу жөніндегі негізгі нормалар мен талаптар енгізілді.
Жаңа ережелерге сәйкес, жасыл желектер бар аумақта жұмыс жүргізетін құрылыс компанияларына қойылатын талаптар да айтарлықтай күшейтілді. Атап айтқанда, құрылыс компаниялары жұмыстарды жүргізу кезінде жасыл желектердің сақталуын қамтамасыз ететін талаптарды орындауға міндеттелді. Оның ішінде құрылыс алаңдарын қоршап, сақталған ағаштарды бағаналар ретінде пайдалануға, ағаштарға қандай да бір зақым келтіруге, тамырлардың ашылуына және магистральдық шеңберлерді құрылыс материалдарымен және қоқыспен толтыруға жол берілмейді.
Қорытындылай келе, еліміздің басты өңірлерінде экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған жұмыстар өз деңгейінде атқарылуда деп айтуға болады. Бастысы тұрғындар арасында экологиялық мәдениет пен сауаттылық деңгейі артты. Бұл бағыттағы шаралар алдағы уақытта өз жалғасын табар.

(көрнекілік үшін суреттер ашық дереккөздерден алынды)


ERNUR.KZ.