Кеше Байқоңырдан жаңа пилоттық кеменің ұшырылымы сәтті жүзеге асты.
Фото: Видеодан скриншот
ERNUR.KZ. Алайда Ұлытау облысының аумағына зымыран бөліктері құлаған. Мамандар "Союз МС-28" қалдықтарынан экологияға зиян келтірілмегенін хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2025 жылдың 27 қарашасында "Байқоңыр" ғарыш айлағынан Астана уақытымен 14:27-де "Союз МС-28" пилоттық кемесі бар зымыран-тасығыш сәтті ұшырылды. Зымыранның ұшырылуы штаттық режимде өтті.
– Зымыранның бірінші сатысы Ұлытау облысындағы елді мекендерден қашықтағы арнайы белгіленген аймаққа құлады. Халық үшін қандай да бір қауіп жоқ. Оқиға орнында "Роскосмос" мамандары, сондай-ақ Қазақстан мен Ресей экологтері жұмыс жүргізіп жатыр. Өлшеулер мен сынамалар алынады. Алдын ала мәліметтер бойынша, экологияға зиян келтірілмеген, – делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Ведомство атап өткендей, "Союз МС-28" экологиялық тұрғыдан қауіпсіз отын – керосин мен сұйық оттегін пайдаланады.
Құлаған бөлшектер радиациялық, химиялық немесе биологиялық қауіп тудырмайды.


