Ұлытау облысының экологиялық жағдайы зерделеніп жатыр

0
1 107

Соның ішінде облыстың экологиялық жағдайын реттеуге айрықша көңіл бөлінген.


Ұлытау облысының экологиялық жағдайы зерделеніп жатыр

Еліміздегі жаңадан құрылған облыстардың бірі – Ұлытау өңірі. Сәйкесінше, бүгінде Қазақстанның қомақты байлығы өндірілетін жезді аумақты жан-жақты дамыту жұмыстары қарқынды түрде іске асырылып келеді. Соның ішінде облыстың экологиялық жағдайын реттеуге айрықша көңіл бөлінген.


Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осыдан екі жыл бұрын жаңадан құрылған облысқа іссапармен барып, облыс орталығы – Жезқазған мен Сәтбаев қалаларын, сонымен бірге Ұлытау ауданының бір бөлігін экологиялық аумақ, яғни экологиялық тұрғыдан апатты жер деп айтқан болатын. Сондай-ақ, осыған орай «Арал өңіріндегі экологиялық апат салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заң талаптарына жаңарту жасауды тапсырған. Тиісінше, сол сәттен бастап Ұлытау облысының экологиялық ахуалына ерекше назар аударыла бастады.

Ал былтыр өңір әкімдігінде ашықтық саясатын іске асыру және қоғамдық пікірді ескеру мақсатында жиын өтіп, арнайы шақырылған «ЭКОСЕРВИС-С» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өкілдері таныстырылым жасаған. Аталған жиынға өңірден мәжіліске сайланған депутат Сатыбалдин Ерболат, жергілікті билік өкілдері, барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары, Қоғамдық кеңестің өкілдері, БАҚ қызметкерлері мен белсенділер қатысып, мәжілісті мүшелері, қоғам белсенділері мен бұқаралық ақпарат құралдары қатысып, жиынды экологиялық апат аймағы деп танылуы мүмкін аумақты зерттеу тобының төрағасы әрі облыс әкімінің орынбасары Үсенов Ұлантай жүргізіп отырған еді. Өз кезегінде арнайы шақырылған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басшысы компания туралы мәлім етіп, осыған дейін іске асырған жұмыстарымен таныстырған. Ал, зерттеу жобасының жетекшісі, медицина ғылымының докторы Н.Яковлева зерделеу жұмыстарының маңызды тұстарын атап өтіп, атқарылатын жұмыстарға шолу жасаған. Сонымен бірге, қатысушылардың барлығы да облыстың экологиялық жағдайына атүсті қарамайтындықтарын білдірген еді. Осылайша, өңірдің экологиялық жағдайын зерделеу жұмыстары басталып кеткен еді. Сол кезде бұл жұмыстардың ауқымы кең болғандықтан 2 жылдай уақытқа созылатыны мәлім болған. Есесіне, қазіргі таңда атмосфера, жер қабаты, барлық су көздері, өсімдіктер және жануарлар әлемінен, онкологиялық аулар, демография, өлім-жітім, өнідіріс орындарының атмосфераға шығаратын зиянды заттары – жалпы экологияға қатысты барлық фактор бойынша сынама жасалып, тексеру жұмыстары атқарылып келеді.


Сондай-ақ, былтыр облыс басшысы өңірдің жан-жақты дамуы бойынша есеп берген кезде атқарылып жатқан жұмыстарды баян етіп, Ұлытау жеріндегі басты он ерекшелікті тізіп атаған еді. Өз сөзінде экономика өсімі, тұрғынүй мәселесі, азық-түлік бағасы, бизнес, денсаулық сақтау, автокөлік жолдарын жөндеу, білім беру, халықты сапалы инфрақұрылыммен қамтумен қатар, өңірдің басты мәселесі – экология екендігін де айтқан. Сондықтан, бұл проблемаларды рет-ретімен, кезең-кезеңімен шешу қолға алынған екен.

Ал, былтыр күзде өңірдің экологиялық ахуалы жақсарту мақсатында Әулиетау тауының баурайын, Тасбұлақ және Күмісбұлақ су көздерінің аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілетіні мәлім болды. Былтыр эскиздік келбеті дайындалып, әрбір мүдделі тараптың талқысына түссе, биыл бұл жоба басталады деп жоспарланған. Облыс әкімідігінің ақпаратына сүйенсек, аталған жоба өңір халқы мен туристерге жайлы жағдай жасауға ықпал ететін көрінеді.

Сондай-ақ, биылғы жылдың басында Ұлытау өңірінде жаңадан ботаникалық бақ салынатыны сөз болды. Бұл жоба облыс орталығын көгалдандырып, экологиялық жағдайын жақсарта түсу мақсатында қолға алынған. Бұл туралы өңір басшысы қала шетіндегі ескі саябаққа барған кезінде мәлім етті. Облыс әкімінің сөзіне сүйенсек, 2024 жылы бастауын алатын жұмыстар қоршаған ортаның жағдайын жақсартып, тұрғындардың уақытын тиімді өткізуіне бағытталған.


Бұл тұрғыда, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде іргетасы қаланып, содан бері жаңғырту жұмыстары жасалмаған ескі саябақ Кеңгір су жинағышының маңынан бөлінген көлемі 20 гектарды құрайтын жаңа аумаққа көшіріледі екен.


Облыс басшылығының мәліметіне сүйенсек, бұл жобаны Экология және табиғи ресурстар министрлігі іске асырады екен. Қазіргі таңда жоспар ізірлену үстінде. Бұл жерге ботаникалық бақтан бөлек, мемлекеттік ғимараттар мен жылыжай да салынуы мүмкін көрінеді.


Тағы бір айта кетерлік жағдай – бүгінгі таңда Ұлытау өңірінде табиғи ортаға зиян тигізетін өндіріс орындары және түрлі мекемелермен күрес те жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта облыстағы мұндай кәсіпорындар саны 5-6 екен. Осы орайда кезекті жиынға қатысқан өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы аталған санаттағы мәселелерді шешуге арналған Жол картасын жасауды және қоршаған ортаға зиян тигізетін ұйымдаға айыппұл салынуы керектігін жеткізді. Әкімдік ақпаратына сүйенсек, өткен жылы аталған сипатта отызға жуық заңбұзушылық орын алып, оларға жүз елу миллион теңгеден астам айыппұл салынған екен. Өз кезегінде, облыс әкімі ереже бұзатын мекемелердің басшыларымен бірге Жол картасының талаптарын келісу мақсатында қосымша кеңе ұйымдастыруды тапсырды.


Облыстың экология депатаменті басшысы Тілеубеков Дастанның сөзіне сүйенсек, облыстағы ірі кәсіпорындардың барлығы алдағы екі жыл ішінде белгілі бір аумақтарды көгалдандыру және тазалық жұмыстары жүргізу бағытында жүктеме алған. Бұл ретте белгіленген жер алыс болса, жақын жердегі елдімекендерде көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Ал, ағаштар қуарп кетсе, әрбір мекеме өтемақы төлейді. Біздің ойымызша, бұл өте дұрыс шешім. Елдің табиғи ресурсын пайдаланып, атмосфераға едәуір зиянды заттар бөліп жатқан кәсіпорындар тым болмағанда жасыл желек аумағын арттыруға үлес қосуы қажет.


Сонымен қатар, бүгінгі таңда Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы кәрізді тазарту құрылыстарына қаржы бөлу мақсатында облыс басшылығы мен Үкімет бірлесе жұмыс істеп жатыр екен. Ресми дерекке сүйенсек, бұл жобаны іске асыру үшін шамамен 30 миллиард теңге көлемінде қаржы қажет болады екен.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ