Үндістанда қазақстандық бапкер 16 жастағы спортшы қызды зорлады деген күдікке ілінді

0
66

Оқиға 13 қыркүйекте Патиаладағы Ұлттық спорт институтының аумағында болған.


Үндістанда қазақстандық бапкер 16 жастағы спортшы қызды зорлады деген күдікке ілінді

Фото: Magnific.com

ERNUR.KZ. Үндістанның Пенджаб штатындағы Патиала қаласында Қазақстаннан барған бапкер 16 жастағы велоспортшы қызды зорлады деген күдікке ілінді, деп жазады stan.kz.

Тергеу мәліметінше, оқиға 13 қыркүйекте Патиаладағы Ұлттық спорт институтының аумағында болған. Кәмелетке толмаған спортшының арызында оқиға қыздар жатақханасына жақын орналасқан, шетелдік бапкерге берілген қызметтік бөлмеде болғаны көрсетілген.

Қыз полицияға 18 қыркүйекте жүгінген. Осыдан кейін Civil Lines полиция бөлімінде Үндістанның қылмыстық заңнамасы мен балаларды сексуалдық зорлық-зомбылықтан қорғау туралы заң бойынша қылмыстық іс тіркелген.

Алайда полицияға хабар жеткенше күдікті бапкер институт аумағынан кетіп қалған. Тергеу барысында оның кейін Делидегі басқа спорттық лагерьде болғаны анықталған.

Патиала полициясының өкілдері күдіктіні ұстау үшін арнайы топтар құрылғанын мәлімдеді. Тәртіп сақшылары Делиге де барған, алайда олар жеткенше бапкер ол жерден де кетіп қалған.

Полиция өкілінің айтуынша, күдіктінің төлқұжаты тәркіленіп, елден шығуына жол бермеу үшін арнайы іздестіру ескертуі жарияланған.

“Арнайы топтар оның болуы мүмкін жерлерді тексеріп жатыр. Делиге де қызметкерлер жіберілді, бірақ ол жерден табылмады. Оның төлқұжаты тәркіленді. Күдіктіні мүмкіндігінше тез арада ұстау үшін барлық шара қабылданып жатыр”, – деді Патиала полициясының өкілі Мохит Агарвал.

Кәмелетке толмаған қыз медициналық тексеруден өткен.

Полиция дерегі бойынша, қазақстандық бапкер Патиалаға бірнеше ай бұрын келген және осы уақытқа дейін Ұлттық спорт институтының қызметкерлерге арналған жатақханасында тұрған.

Тергеу жалғасып жатыр. Құзырлы органдар істің басқа да мән-жайы тергеу барысында анықталатынын мәлімдеді.