Үш облыста ашылатын казиноларға тек шетелдіктер кіре алады

0
120

Мұндай тәжірибе экономикалық өсімге оң ықпал етеді.


Үш облыста ашылатын казиноларға тек шетелдіктер кіре алады

фото: Sputnik / Виталий Аньков

ERNUR.KZ. Қазақстанда жаңадан салынатын ойын аймақтары тек шетелдік туристерге қызмет көрсетеді, деп жазады sputnik.kz.

Министрлік бірнеше облыста өткізген әлеуметтік-экономикалық зерттеудің нәтижесін жариялады. Оған сәйкес, Маңғыстау облысы тұрғындарының 46 пайызы шетелдіктерге арналған казино салу бастамасын қолдаған. 2029 жылға қарай облысқа 148 мың шетелдік турист келеді деген болжам бар. Соның арқасында 7 мың тұрақты жұмыс орны ашылып, бюджетке 1,2 млрд теңге салық түсуі керек.
Жетісу облысында сауалнамаға қатысқандардың 67 пайызы казино құрылысына қарсы емес. Осы бастаманың нәтижесінде бюджетке жылына 2,4 млрд теңге салық түседі.
Алматы облысында респонденттердің 54,5 пайызы ойын аймақтарын салу бастамасын қолдап отыр. 2028 жылға дейін екі ойын аймағынан 6,5 млрд теңге салық түсіп, 2 мың тұрақты жұмыс орны ашылады.
"Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, бірқатар елде тек шетелдіктерге арналған ойын аймақтары туристерді тартудың және курорттық инфрақұрылымды дамытудың тиімді тетігіне айналған. Мұндай тәжірибе ішкі әлеуметтік ортаға кері әсер етпей, экономикалық өсімге оң ықпал етеді", - дейді министрлік мамандары.
Ал ойын аймақтарының нақты шекарасын жергілікті атқарушы органдар айқындайды. Оған тек шетел азаматтар ғана кіре алады. Қазақстан азаматтарына аталған ойын залдарына кіруге тыйым салынады.