"Ұят деген ұғымның өлгені ме?": сенатор ерте жүктілік туралы айтты

0
157

2023 жылы қаршадай қыздар арасында 5 094 босану фактісі тіркелген.


ERNUR.KZ. Сенатор Нұртөре Жүсіп жасөспірімдер арасында ерте жүктілік көбейіп бара жатқанын мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

Ресми мәліметке сәйкес, соңғы бес жылда жасөспірімдер арасында бала туу көрсеткіші шамамен 1,5 есеге артқан. Сенатордың айтуынша, бұл пандемия кезінде басталды. Ал соңғы төрт жылда бір деңгейде сақталып отыр. Мәселен, 2023 жылы қаршадай қыздар арасында 5 094 босану фактісі тіркелген.
"Имандылықтың ұясы деп есептелетін ауылдық жерде екі есе артып отыр. Біз қайда кетіп бара жатырмыз? Ұят деген ұғымның өлгені ме? Адамдықты надандықтың жеңгені ме? Жеті бірдей өңірде, әсіресе, оңтүстік пен батыс аймақтарда жасөспірімдер арасында бала туу көрсеткіші өте жоғары. Соның ішінде Жамбыл, Түркістан мен Маңғыстау облысының деректері жағамызды ұстатады. Бұл өңірлерде жасөспірімдердің туу көрсеткіші ауылдық жерде де, қала тұрғындары арасында да өте жоғары", - деді Жүсіп сенаттың бүгінгі отырысында.
Бұдан бөлек, жап-жас қыздарды қорлау да, зорлау да көбейді. Бұл жағдай да ерте жүктілікке әкеледі.
"Бірақ көбінесе мұндай оқиғалар жабулы күйінде қалып, қыздар ішінен тынып қалады. Жүректерінде сыз қалады. "Ауруын жасырған өледі" дейді халқымыз, көрсек те, көрмеген болып, білсек те, білмеген болып осылай отыра береміз бе?", - дейді депутат.
Сенат депутаты жасөспірімдер арасында жүктілік пен туу санының өсу себептеріне ведомствоаралық талдау жүргізу қажет деп санайды. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға қатысты заңнаманың орындалуына мониторинг пен бақылауды күшейту аса маңызды.
"Жасөспірімдер мен олардың ата-аналарының ерте жүктілік қаупі, сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың жауапкершілігі мен құқықтары туралы хабардар болу деңгейін арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жедел қолға алу керек", - дейді сенатор.

Жүсіп депутаттық сауалын үкімет басшысына жолдап, бұл мәселені шұғыл бақылауға алуды талап етті.