«Үздік жастар орталығы» жұмысты жандандыра бермек

0
96

Жыл басынан бері жастар саясатын дамыту мақсатында 500-ден астам іс-шара өткізіліп, 40 мыңнан аса азамат қамтылған.


«Үздік жастар орталығы» жұмысты жандандыра бермек

Бүгінде мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – жастар саясатын жүйелі түрде жүргізу болып отыр. Сәйкесінше, бұл бағыттағы жұмыстардың басым бөлігін «Жастар ресурстық орталықтары» іске асырып келеді. Жуырда Кентау қаласындағы орталықтың жұмысымен танысып, атқарған істері туралы білген едік.


Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, бүгінде Кентау қаласында жүз мыңға жуық халық бар болса, 29 мыңға жуығы – жастар екен. Қала жастарының саны 22 879 болса, 6011-і ауыл жастары. Жыл басынан бері жастар саясатын дамыту мақсатында 500-ден астам іс-шара өткізіліп, 40 мыңнан аса азамат қамтылған. Оның ішінде спорттық, зияткерлік және экологиялық іс-шараларға басымдық берілген. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында орталықта үстел теннисі, садақ ату, шахмат, тоғызқұмалақ ойындары мен кинокөрсетілім, көңілді караоке сынды кештер тұрақты түрде өткізіліп тұрады.

Ал, қалалық «Жастар ресурстық орталығы» жанынан құрылған еріктілердің қатысуымен жыл басынан бері 80 қоғамдық жұмыс атқарылыпты. Атап айтқанда, олар «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында тазалық жұмыстарын, «Қарты бар үйдің-қазынасы бар», «Ардагерлерді ардақтайық» жобалары аясында тыл ардагерлері мен қарт кісілерге көмек көрсету, «Еріктілік – елге құрмет» жобасы шеңберінде еңбек адамдарына қолғабыс жасау жұмыстарын жүргізген.

Орталық директорының айтуынша, жастарға мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында құрылған мобильді топ 68 рет жұмыс жүргізіп, 10 мыңнан аса азаматқа бағдарламалардың тиімділігін түсіндірген. Атап айтқанда, қала жастарына «Жасыл ел», «Қоғамдық жұмыстар», «Әлеуметтік жұмыстар», «Жастар практикасы»,«Дипломмен ауылға», «Серпін-2050», «Болашақ», «Қолжетімді баспана-2025», «Студенттік құрылыс отряды», «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламаларына қатысты ақпараттар жеткізілген.

- Құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында оқушылар мен колледж студенттері арасында «Заң мен тәртіп», «Жасөспірім және қылмыс», «Құқықбұзушылыққа жол жоқ», «Тәртіп адамның ең жақсы қасиеті», «Тәртіпті өзіңнен баста» тақырыптарында 19 кездесу ұйымдастырылып, мыңға жуық жас қамтылды. Қалалық білім бөлімі, полиция бөлімі және жастар орталығы бірлесіп, құқықбұзушылық пен нашақорлықтың алдын-алу, кәмелеттік жасқа толмағандардың беймезгіл жүрмеуін қамтамасыз ету бойынша 44 рет рейд жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде түнгі уақытта қараусыз жүрген 224 жасөспірім анықталып, ата-аналарына айыппұл салынды. Жастарға психологиялық көмек көрсету мақсатында 71 кездесу мен 13 семинар-тренинг ұйымдастырылып, 4 300-ге жуық жас қамтылды. Психологиялық жеке қабылдау бойынша 156 жасқа кеңес берілді, - дейді орталық басшысы.


Тағы бір айта кетерлік жәйт, өңірдегі мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда нәтижелі жұмыс көрсете білген Кентау қалалық «Жастар ресурстық орталығы» 2024 жылдың қорытындысына сәйкес, облыс бойынша үздік орталық атанған. Орталық қызметкерлері алған беттен танбай, жұмысты жандандыра бермек.

Б.Мейірханұлы.

Бөлісу