Енді елдегі соттарға гаджетпен кіруге болады

0
1 575

Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері енді сот аумағы мен ғимараттарына мобильдік құрылғыларымен, бейне-, кино- және фотоаппаратураларымен бірге кіру құқығына ие.


Енді елдегі соттарға гаджетпен кіруге болады

Республика сот органдарының ғимаратында келушілерді өткізу режимінің жаңа қағидалары қолданысқа енді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қағида келушілер, процеске қатысушылар, сот процесіне қатысатын өзге де адамдар, сондай-ақ ашық сот отырысына қатысуға ниет білдірген адамдар үшін республика сот органдарының аумағы мен ғимараттарындағы өткізу және объектішілік режимді қамтамасыз ету тәртібін регламенттейді.

Осы Қағидаларға енгізілген жаңа ұғымдардың біріне сәйкес, сот ғимаратының көпшілік кіретін бөлігі дегеніміз – күту залдары, сот отырыстарының залдары, хат-хабарларды қабылдау және беру үй-жайлары, фронт-офистер. Ғимараттың дәл осы бөлігіне сот процесіне қатысушылар жазатын құрылғыларды, есептегіш техниканы, мобильдік құрылғыларды (интернет модульдері бар ұялы телефондар, смартфондар, планшеттер), ақпаратты машиналық тасымалдағыштарды (флеш-карталар, USB-дискілер т.с.с.), сондай-ақ деректер беруді қамтамасыз ететін және Интернет желісіне шығу мүмкіндігі бар басқа да техникалық құрылғыларды алып кіруіне болады.

Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері енді сот аумағы мен ғимараттарына мобильдік құрылғыларымен, бейне-, кино- және фотоаппаратураларымен бірге кіру құқығына ие. Оларды БАҚ өкілдерінің пайдалану мәселесін төрағалық етуші судья ҚР ҚПК-нің 345-бабына, ҚР АПК-нің 19-бабына және ҚР ӘҚБтК-нің 21-бабына сәйкес шешеді.

Қағидалардың толық нұсқасымен осы жерде таныса аласыздар.

Қайнар: Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі