Мектепте су да, электр жарығы да жоқ.
ERNUR.KZ. 1 қыркүйекте Жамбыл облысында бірде-бір оқушы білім алмайтын мектеп салтанатты түрде ашылды. Оқушылардың жоқтығына коммуникацияның болмауы себеп болып отыр, деп жазады sputnik.kz.
Мектепте су да, электр жарығы да жоқ. 61-мектептің ашылу рәсімі барлық сән-салтанатымен, шарлар және жүргізушілермен өтті. Шараға сонымен қатар құрметті қонақтар, облыстық мәслихаттың хатшысы, қала әкімі және білім басқармаларының басшылары қатысты.
Мектептің құрылысы 2022 жылы аяқталды. Шара қонақтарының айтуынша, мұнда балалар үшін барлық жағдай жасалған.
"Мектепті аралап шықтым. 600 оқушыға арналған тамаша мектеп. Төрт компьютерлік сынып, шеберханасы, спорт залы, кітапханасы бар", - дейді Жамбыл облыстық мәслихат хатшысы Махметғали Сарыбеков.
Кейін белгілі болғандай, шын мәнінде ашылу салтанатында көрші мектептің оқушылары мен мұғалімдері тұрған. Білім мекемесінің директоры бұл жағдайды түсіндіре алмады.
"1 қыркүйекте аштық. Мұғалімдер арасында конкурс жүргіздік. Мұның барлығын айтуға құқығым жоқ-ау. Қазір, сөйлесіп алайын. Ойымды жинақтауым керек", - деді Тараздағы 50 орта мектептің директоры Қарлығаш Қасымбаева.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, олар шенеуніктердің тарапынан жасалған көзбояушылықтың құрбаны болып отыр. Себебі жаңа оқу жылында балалар жаңа мектепте білім алады деп үміттенген.
"Жауапкершіліктен жұрдай. Ашуын ашып алды да, халықты алдып отыр. Мұны басқаша қалай атауға болады?", - дейді тұрғын Әсел Игілікова.
Дегенмен, әкімдікте де, білім басқармасында да осыған қатысты мардымды жауап бере алмады.