Іс материалдарынан белгілі болғандай, сотталушы Жамбыл облысындағы желілік полиция бөлімінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің бастығы қызметін атқарған.
ERNUR.KZ. Жамбыл облысында есірткіге қарсы күрес бөлімінің бастығы жұмыста статистиканы жасанды түрде көтеру үшін марихуана сатқан, деп жазады Stan.kz.
Іс материалдарынан белгілі болғандай, сотталушы Жамбыл облысындағы желілік полиция бөлімінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің бастығы қызметін атқарған. Ол Тараздан таныс, бірнеше рет сотталған адам арқылы есірткіні басқа өңірлерге өткізген.
"Есірткі арналарын анықтау, ашу және жолын кесу жөніндегі жұмыс көрсеткіштерін жасанды түрде арттыру мақсатында 1080,03 грамм (аса ірі мөлшерде) салмағы бар "кептірілген марихуана" есірткі құралын Щ. арқылы басқа өңірге одан әрі өткізу және кейіннен ұстау үшін заңсыз сатып алған", – делінген ауданаралық соттың хабарламасында.
Сотталушының кінәсі дәлелденді, бірақ ол оны мойындамады. Жеңілдететін жағдай ретінде сот жас балалардың болуын ескерді. Антты бұзғаны ауырлататын фактор болды.
Полиция майорына 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.