«Жасыл Қазақстан»: Солтүстікте кешенді жобалар жүзеге асырылып жатыр

0
195

Жұмыстар бірнеше бағытқа бөлінген.


«Жасыл Қазақстан»: Солтүстікте кешенді жобалар жүзеге асырылып жатыр

фото: облыс әкімдігінің ресми сайтынан

Естеріңізде болса, елімізде Президент тапсырмасымен «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы қабылданған болатын. Одан бөлек, қоршаған ортаны қорғап, экологиялық мәселелерді шешу бағытында да өңірлерге тапсырма жүктелген. Осы ретте Солтүстік Қазақстан облысында атқарылған жұмыстар мен жоспарларға тоқталып, нәтижелерге шолу жасамақпыз.


Атап өтсек, Солтүстік Қазақстанда ел президентінің екі миллиард ағаш көшетін отырғыз тапсырмасына сәйкес, орман алқабын кеңейту жоспары әзірленген. Тиісінше, бүгінде өңірде оннан астам орман шаруашылығы бар болса, биыл төрт мың гектардан астам жерге 22 миллион данаға жуық ағаш көшеті егіліпті. Одан бөлек, орман өртіне қарсы кезекшілік ұйымдастырылып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қажетті құрал-жабдықтар жұмыс қалпына келтірілген. Тиісінше, азір өңірдегі орман алқабының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жиырмадан аса өр сөндіру, тоқсанға жуық трактор, отыздан астам өрт сөндіру құрылғылары қолданылып келеді. Оған қоса, шекаралас жатқан Түмен, Омбы өңілерімен келісімшарттар жасалып, бірлесе жұмыс істеу қолға алынған. Ал, орман қорындағы өрттің алдын алу мақсатында мың шақырымнан астам жер жыртылса, 25 мың шақырымнан аса минералды жолаққа күтіп-баптау жұмыстары жүргізілген.


Сонымен қатар, биыл орманшылар қауіпсіздікті бұзған 14 азаматты жауапкершілікке тартып, 350 мың теңгеден астам айыппұл салған екен. Одан бөлек, өңірде қызмет ететін он бес орман пайдаланушысы жүз мың текше метрден астам ағаш өңдеп, өңдеу өнеркәсібінің көлемі ұлғайып келе жатыр.


Бүгінде өңірде екі жарым мыңға жуық су айдыны бар болса, соның бес жүзден астамы балық шаруашылығын дамытуға арналған нысандар тізіміне енгізіліпті. Сөйтіп, үш жүзден астамы шаруаларға берілсе, қалғаны қосымша қорға алынған. Сондай-ақ, облыс аумағындағы еліге жуық аңшылық алқабының қырық екісі аңшылық ісін жүргізуге біекітілсе, биыл әуесқой аң аулау бағыты бойынша жүзге жуық рұқсат беріліпті. Бұл тұрғыда балық аулау мен аң аулауға қатысты заңбұзушылықтар да орын алып, құқық бұзушылар жауапқа тартылып жатқанын да атап өту керек.


Сонымен қатар, өңірдегі су айдындарының тазалығын сақтап, экологиялық ахуалын тұрақтандыру жұмыстары да қолға алынған. Осы ретте Есілдің ірі салаларында, бірнеше өзен мен су қоймасында қорғау нысандары бекітілген екен. Жалпы, жеті жүзден астам су қорғау белгішелері орнатылыпты. Осы орайда, өңірдегі студенттер, жастар ұйымының мүшелер, жергілікті билік өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің қатысуымен жыл сайын сенбіліктер ұйымдастырылып, жағалауларды қалдықтардан тазарту науқандары да ұйымдастырылып келе жатыр.


Қазіргі таңда Солтүстк Қазақстанда 450-ден астам қатты тұрмыстық қалдық полигоны бар болса, оның 350-ге жуығы жекеменшік нысан ретінде тіркелген. Ал, он бір полигонның заңға сәйкес келетіндігін білдіретін құжаттары бар. Ал, биыл өңірдегі аудандардың орталықтары мен ауқымды елдімекендерді қоқыс полигонымен қамтамасыз ету мақсатында онға жуық нысанның құжаттары даярланып жатыр.


Сондай-ақ, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға ықпал ететін саланың бірі – қалдықтарды қайта өңдеу бағыты бойынша да ілгерілеу бар екен. Мәселен, өткен жылы қалдықтарды пайдаға асыру көрсеткіші 18 пайыздан асса, биыл 23 пайыздан асыру жоспарланған. Бұл іспен өңірдегі оннан астам кәсіпорын айналысып келеді. Тиісінше, облыс орталығына қалдықтарды бөлек-бөлек жинау мақсатында қырық, құрымында сынабы бар қалдықтарды жинау үшін отыз, ал макулатура үшін төрт жүз қоқыс жәшігі орнатылған. Одан бөлек, қазіргі уақытта өңірдегі бес бірдей ауданда жеке кәсіпорындар қайталама шикізат жинау бағыты бойынша жұмыс істеп жатса, он үш ауданның орталығында құрамында химиялық элементтер бар қалдықтарды жинайтын елуге жуық қоқыс жәшігі орнатылған. Жалпы, өткен жылы өңірге жүргізілген зерделеу жұмыстары барысында екі жүз отыздан аса бей-берекет қоқыс полигоны анықталыпты. Ал биыл тағы да екі жүз алпыстан аса заңсыз қоқыс алаңы тіркелген. Дегенмен, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде оның барлығы жойылған.


Өңірде экологиялық жағдайды жақсарту жұмыстарының да қарқыны жоғары. Мәселен, биылғы жылдың алғашқы алты айында экология саласы бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп, құрылыс нысандары, жер қойнауын қолдану нысандары, өндіріс орындары сынды салалар бойынша қырыққа жуық қорытынды шығарылған. Және де қоршаған ортаға әсер етуге қатысты жиырма рұқсат тағайындалып, тоқсанға тарта декларация қабылданған екен. Бұл тұрғыда Солтстік Қазақстан облысының әкімдігі экологиялық мәселелерді реттеуге қатысты қоғамдық тыңдаулар өткізіп, халықтың ой-пікіріне де құлақ асып жұмыс істеп жатыр екен. Сәйкесінше, атқарылатын істің барлығы бірыңғай экологияық портал арқылы жүргізіліп отырады. Атап айтсақ, қоғамдық тыңдау өткізілетін мерзім, жиын өтетін уақыт мен орынды келісу, хаттамаларды орналастыру сынды жұмыс үрдістері бар.


Жалпы, біз атап өткен жұмыстардың барлығы Солтүстік Қазақстан облысындағы экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында іске асырылып жатқаны даусыз. Жүйелі жұмыстар жемісін береді деп сенеміз.


ERNUR.KZ